Әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы, Өзбекстаннан табылды. Құнды жәдігерді көрші елдегі Наманган қаласының 98 жастағы қарт тұрғыны, осы күнге дейін сақтап келіпті. Ол Ахмет Ясауидің ұрпағы - ғұлама ғалым Ибрахимжан қажы Шарифхужаев. Оның қолындағы "Насабнама" шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы- 2,5 метр. Мұраның қай ғасырға жататыны әзірге белгісіз. Сонымен бірге қарияның қолында ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған мөр де бар. Ерекше дүниелерді Түркістандағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған "Ясауи ізімен" ғылыми-экспедициясы жариялап отыр. Құнды мұралар Түркістанға жазға салым жеткізіледі.
Нұрболат АХМЕТЖАНОВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл енді жаңағы осы Ибраһим ақсақалдың төл меншікті жәдігерлері болғаннан кейін ол кісі өзі келіп Түркістанға соны біздің музейге табыстайтын болып келістік. Өйткені жаңағы жәдігері шекарадан шығу оңай емес. Ол насабнаманы тексеруіміз керек. Онда не жазылған, қандай бізге қатысты тың деректер табылады, біздегі жоқ тың деректер табылады деген немен. Сол сияқты мөрге де қатысты көптеген жұмыс жасауымыз керек.
Айта кетейік, Ибрахимжан ақсақал Түркістан қаласының тумасы. Діни сенімдерге қарсы атеистік көзқарас дендеген кезеңде он жастағы бала анасымен бірге шекара асыпты. Наманган жерінде де көп қиындықтар көрген қария ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Насабнама мен мөрді жерге көміп сақтапты. Сондықтан біршама жері бүлінген көрінеді.
А. Төребекқызы