Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұғалім санақшы, сылақшы, сыпырушы ма?

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2017
  • 7270

Мектеп мұғалімі тұрғындарды түгендейтін санақшы, жөндеу жұмыстарымен айналысатын сылақшы, көше тазалайтын сыпырушы ...ма? Шымкентте мектеп директоры мен қарапайым мұғалім соттасып жатыр. Сотқа берген директоры. «Ар-намысымды таптады», деп, 6 млн теңге өтемақы талап еткен. Ал мұғалім міндетіне жатпайтын жұмыстардан шаршағанын айтады. Мұндай сот елімізде өте сирек болады. Бәрі білетін, бірақ... бірақ солай қала беретін қалыптар бар. Шын мәнінде шірік ҚАЛЫП. 

Гүлжан Сәлімбаева, № 38 Нұртас Оңдасынов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Демалыс болсын, жұмыс, енді мен айтып отырмын ғой, сабағым жоқ болса да мені шақырып отыр. «Сен басшылық хабарласқан кезде  трубкасын көтеруге, шақырған кезде келуге міндеттісің»,- деп отыр. Мен оны ешқандай заңнан бұл «міндеттісің» деген сөзді көріп отырған жоқпын. Өйткені менің де демалатын  уақытым да болады. Мұғалімнің де өзінің шығармашылық күні болады. Бұл тағып отырған айыптармен мен келіспеймін.

"Келіспеймін" деуі Гүлжан Сәлімбаеваға кесір боп жабысқан секілді. Қазақ тілі пәні мұғалімінің басындағы бұл дау сәуірде басталған. Айтуынша 4-12 сәуір күндері аралығында басшылықтың тапсырмасымен әдеттегідей үй аралау, яғни тұрғындардың статусын анықтау бірнеше оқытушыға қатар жүктеліпті. Тапсырманы мұқият орындап болып, сенбі күні сырқаттанып қалған анамның халін білуге шалғай ауылға  кеткен едім,- дейді.

Гүлжан Сәлімбаева, № 38 Нұртас Оңдасынов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Ол күні яғни аптаның сенбісі күні, менің сабағым жоқ болатын. Сол күні қоңырау шалып, дәл бүгін Еңбекші ауданы әкімшілігінен тұрғындардың статусын анықтау бойынша тағы да жұмыс түскенін айтты. Сол жұмыс бойынша шақырып, мені тез жұмысқа келуімді өтінді, директордың орынбасары.  Мен келе алмайтын себебімді айттым. Менің анам ауырып қалған еді, өкінішке орай мен бара алмаймын, егер барып жатсам орындап беремін дедім. Ол біздің міндетімізден тыс болса да, әрине, біз мектеп басшылығына бағынышты адамбыз ғой, бәрібір. Сонан кейін мен 8-сәуір келе алмағаннан кейін, «олай болса мен сені, сен біздің айтқанымызды тыңдамадың, мен сені жұмысқа келгенде директордың алдына кіргіземін» ,-деді. - Не үшін кіргізесіз?! Менің бүгін жұмыс күнім емес қой, не үшін кіргізесіз?!» деген едім, «келгеннен кейін көресің ғой» деп өзінің трубкасын қоя салды.

Гүлжанның сөзімен айтсақ, осыдан соң қысым жасау басталған. Екі бірдей АКТ түзілген. Сөгіс те беріліпті. Мұнан соң ол өткен оқу жылының соңында  мектеп басшылығы міндетінен тыс жұмысқа салғанын, қысым көрсетіп, денсаулығына зиян келтіру салдарынан 17 күн ауруханада ем қабылдағанын айтып, Елбасының атына үндеу жолдап, Білім және ғылым министрі Сағадиевтың атына шағым түсірген-ді. Ақыры осы. Қазір Гүлжан Сәлімбаева мектептен бөлек, сотқа да барып жүр. Сотқа берген мектеп директоры мен оның екі орынбасары.

Гүлжан Сәлімбаева, № 38 Нұртас Оңдасынов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Өкінішке орай, сондай қысым көріп жатқан мен емес, сотқа мектеп басшылығы мені берді . Яғни «Біз бұндай іс-әрекеттер жасаған жоқпыз.Мұғалімге ешқандай АКТ түзген жоқпыз. Есесіне мұғалім біздің репутациямызға, беделімізге нұқсан келтірді деп айып тағып, маған өздерінің талап арызында кінә тағып, сол үшін менен 6 млн моральдік өтем сұрап отыр.Менің тарапымнан ешқандай кемшілік орын алған жоқ.Мен оны ашық айта аламын..

Айзада Төребекқызы, тілші:

№38 мектеп –гимназиясындағы жағдайға байланысты ұжым басшысынан қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Сот процесі жүріп жатқанын көлденең тартқан мектеп директоры да, оның сотқа қатысып жүрген екі орынбасары да сот шешімі шықпайынша сұқбат бермейтіндерін ашып айтты. Хош делік, бірақ әттеген-айы сол, мектептегі ырду-дырду, келеңсіздік  аймақта бір мұнымен шектелмей тұр. 

Ал Өмір Шыныбекұлы мұндай міндетінен тыс жұмыстарға жегілмейді. Өйткені  тарихшы, құқықтану пәнінің оқытушысы өз құқығын жақсы біледі. "Өзім қалаған іс-шараларға  болмаса мені ешкім мәжбүрлеп апара алмайды. Қазір «бар» деген бұйрық маған берілмейді де,- дейді мұғалім. Айта кетейік, Гүлжанның жағдайына алғаш болып үн қатқандардың бірі осы кісі. Өмір Шыныбекұлы қоғамда, білім саласында болып жатқан осы сарындағы келеңсіздіктерді жоюдың бір жолы мектепті жергілікті билікке емес, тікелей министрлікке бағындыру керек деген мәселе көтеріп жүр. Өйтпеген күнде мұғалімнің көрген күні осы...

Өмір Шыныбекұлы, жоғары санатты ұстаз:

Әкімшілік директорға звондайды, директор қарамағындағыларды ..сөйтіп көше сыпыртады,  әлгі сайлау, санақ сондайға жүгіртеді. Ал негізі мұғалімнің міндеті тек қана оқу, тәрбие болуы керек.Басқа жұмысқа басын қатырмауы керек. Неге ол көше сыпыруы керек?! Ол қаланың коммуналды қызметі бар, олар не істеп жатыр? Оған қыруар  қаражат бөліп жатыр. Иә, анда-санда мектептің  ауласын шағын сыпыруға болады, балаларға еңбекке тәрбиелеу мақсатында. Ал көше жағалатып, кейбір ауылдарда бар тіпті трассаның бойын жағалатып тазалатып қоятын. Тіпті осы Түркістаннан хабар келді,Мырзашөлден, кәдімгі мұғалімдерді  трассаны күзеттіріп қояды екен, балаларды қағып кетпесін деп. Әлгі жол инспекциясы қайда қарап  отыр, ондай болатын болса.

Басшылық пен қарамағындағы қызметкердің арасындағы алауыздыққа біз де куә болдық - Сайрам ауданындағы  №49 мектепте. Әсіл арық ауылындағы орта мектеп ұстаздарының бір тобы мен ауыл азаматтары жаңа оқу жылын осындай наразылықпен бастады. Мектептегі берекесіздіктен балаларын бұл мектепте оқытудан  бас тартқандары бар. Себеп білім сапасы төмендеп кеткен.

Ерлан Тартуов,№ 49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп мұғалімі:

Қатира дейтін апай міне директор болып келді, осы айқай-шудың бәрі басталып жатқаны осы. Алдында біздің мектебіміз  шыны керек, ауданның ондығының ішінде 1-2-ші орында тұратын. Жылда 2-3 алтыннан ақтап жүретін. Бұның бәрі басшылыққа байланысты. Мұғалімдердің арасында іріткі көп салып жатыр. Кім жақсы сөйлесе соған сағат көп береді. Дипломына сәйкес болмаса да, береді. 

Ұстаздарды шаршатқан тағы бір нәрсе - директорларының түрлі тексерушілер келгенде ақша жиюы көрінеді. Жұмысқа қабылдаудан бөлек, жұмыс сағатын толықтырудың өзі теңгесіз шешілмейтін іс, -дейді  8 жылдан бері жарты ставкамен тәлімгерлік пен музыка пәнін қатар алып келген Досхан Көкенов. 

Досхан Көкенов, № 49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп мұғалімі:

Былтыр 13-маусымда завуч звондады «маған келіп  кабинетке жолығып кетші ,-деді Мыңбай Мөлдір. Сөйтіп кабинетіне барып жолығым ем : «сенен 1 ставка тәлімгер 1,5 ставка туралап береміз, 150 мың теңге бересің, бүгін тауып бересің» -деді. Сөйтіп мен  кешке дейін ары ойланып, бері ойланып 100 мың теңгені завучтың өзіне бердім, 50 мың теңгені директордың өзі алды менен. –ставкаңызды көтеріп берді ма?-Ставканы көтеріп берді да, биыл қайттан сол жарты ставкіні алып жатыр менен.

Түрлі тексеру айтпағанда мемлекеттік аттестацияның өзінде әрбірі 40 мың теңгеден санап бергендерін айтады. Бірақ аттестациядан өте алмай қалғандары басшыдан ақшасын даулап жүр. Бермей қалған, бетке айтатын екі-ақ адам. Соның бірі - Ерлан Тартуов мектеп басшылары мұғалімдерді жеке басының шаруасына жұмылдыратынын айтты.

Ерлан Тартуов,№ 49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп мұғалімі:

Үйіне барып жұмыс істеткен. Мысалы үйіне барып крыша жаптырды,- деді. Қанша мұғалім жұмыс істеді?- Екі мұғалім, 1 электрик, одан ауылдың бір ұста кісісі істеді. Үйіне барып істеген оларға келісім бойынша бұларға енді сәл қысым берген, болмаса бір крышаны 25 мыңға кім жабады,бір үйдің крышасын?! 25 мыңнан беріп жіберген қолдарына. Кім жабады?!.

Мектеп директоры Қатира Жұмабектің өзі мұның бәрін теріске шығарды. Ақша жиды, білім сапасы түсті дегенмен де келіспейді. Ал дүйім жұрттың өзіне қарсы шығуын қарамағындағы бірнеше мұғалімнің өзіне істеп жүрген қырсықтығы деп біледі. Сапалы жұмыс талап еткеннен, -деп қосты.

Қатира Жұмабек, №  49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің директоры:

Ешкімге мен қаталдық көрсеткен жоқпын. Ол нелер осы АКТ-де түзілген.  Тек қана білім саласы бойынша талап еттім.

Қалай десек те, білім саласында мұнда фактілер аз емес. Бұл біз бен сізге мәлім болғаны ғана.

Өмір Шыныбекұлы, жоғары санатты ұстаз:

Мұғалімнің мәртебесі нақтыланбай көрген күніміз осы. Ол жерде нақты көрсетілуі керек, мұғалімнің міндеті  тек қана білім, оқу және тәрбие. Басқа жұмыс жоқ. Нақтылап көрсетілуі керек. Сонда тіпті біздің жағдайымызда біздің менталитетке байланысты тіпті «оны басқа жұмысқа жеккен міндетіне жатпайтын шенеунік жауапқа тартылады»- деп оның жазасына дейін көрсетіп қойса, артық болмайды, бізде. Онсыз әлі даудың талайын көресіздер әлі...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».