Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда ұрылар жылқыларды атып алуды әдетке айналдырған

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2021
  • 3477

Атырауда ұрылар жылқыны жайылымнан мылтықпен атып алатын болған. Алдындағы малынан айрылғандар, құзырлы орган өкілдерінің қауқарсыздығына шағымдануда. Тек өткен жұма күні бір шаруа қожалығының 4 бірдей жылқысын атып, екеуін сойып алып кеткен. Қаскөйлердің әрекетіне әбден ашуланған шаруалар түз тағысынан емес, қасқыр терісін жамылған адамдардан арашалауды сұрап отыр.
 
Бұл – Атырау облысы Индер ауданының, Батыс Қазақстан облысымен шекаралас аумағы. Ұрылар буаз биені атып, құлынын лақтырып кеткен. Дәніккен барымташылар жайылымда жүрген жылқыларды, бас-көз демей жайратып, бас-сирағы мен ішек-қарынын лақтырып кетуді әдетке айналдырған. Қаскөйлердің әрекетінен шаршаған малшылар, соңғы күндері сиырға да қырғидай тиіп жатқанына алаңдаулы.   

Айтқали ЖАЛИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:

 
Қаңтар айының аяғында 2 бас жылқы кетті. Атып алып кеткен оны да сойып, тек басы мен сирағы қалды.  Соны таптық. Кешегі күнге телефонға ватсапқа келді. Фотосын көргенде бірден таныдық. Осында көміп жатырмыз.
 
Қайсақан ІЗБАСОВ, ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Ай жарымнан бері алты бас атылып тұр. «Алтын ана» шаруашылығынан.+ Атып алып тұрған ұрыны ұстай алмау деген мүмкін емес. Осының орнына мен жүріп киік атып алатын болсам, мен қаншама жауапкершілікке тартыламын. Ал қара халықтың малына ешқандай шара жоқ па?


Айдалада жоғалған малын іздеп жүргендер көп. Кейбірі тіпті бірнеше айлан бері іздеп таба алмай жүргендері де аз емес.

Мүтиғолла ЖЫЛЫШПАНОВ, ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына кісілердің биыл төрт басын, біздің ауылдан тағы төрт бас атып кетіп жатыр. Обал ғой. Сиыр кетіп жатыр және табылмай жатқаны қаншама. Дұрыс жұмыс жасамай тұр ғой. Ешқандай нәтиже жоқ.

Малшылар құзырлы органдар шара қолданбағасын, қаскөйлер дегенін жасап жүр,- дейді. Олар ақ-адал еңбегіміз далаға кетіп жатыр деп ішкі істер органдарына сан мәрте шағымданғандарын жеткізді. Алайда шекарада орналасқан екі аудан бір-біріне сілтеп, уақыт өткізіпіп жатқанына қынжылады.  

Қайсақан ІЗБАСОВ, ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Атылған жері Орал облысының жері. Орал облысың жері болған соң біздің жер емес,- дейді. Орал облысындағылар болса «жер біздікі, мал біздікі емес»,- дейді. Көріп отырсыз ба? Іс содан жүрмей тұрып қалады.


Мәселені білмек болып, облыстық полиция департаментіне хабарластық. Олар қауқарсыз екендерін мойындайды.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қылмыс орын алған аумаққа байланысты тергеп-тексерумен сол аумақтағы полиция бөлімі айналысуы керек. Яғни сіздердің сауалдарыңыз бойынша сіздер айтқан дерекке қатысты Индер аудандық полиция бөлімі емес,   Батыс Қазақстан облысының Тайпақ және Жаңақала аудандық полиция бөлімдері айналысуы тиіс.

Ал Батыс Қазақстан облысы, дәл осындай жағдай қаңтар айының аяғында да орын алғанын айтып,  тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Әзірге қарақшыларды таппаған. Айта кетейік, Атыраумен шекаралас Жаңақала ауданы бойынша былтыр 20 мал ұрлығы тіркелген.

Б. Нәдірқызы