Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда бірінші топ мүгедектері мен олардың күтушілері антикордан көмек сұрап келді

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2021
  • 1955

Таразда бірінші топ мүгедектері мен олардың жеке күтушілері, жергілікті антикор өкілдеріне келді. Олар мемлекеттен берілетін төлемақыларын жыл басталғалы алмағандарына шағымданды. Арзымайтын ақыға жан бағуда оңай болмай жатқанын айтып, көмек сұрады. Ай сайын берілетін 20 мың теңге жыртыққа жамау болмай тұр дейді. Мәселеге енді "Жамбыл- адалдық алаңы" кеңсесе араласты.

Бұл жандардың өздігінен қозғалысы қиын. Бірі жанарынан, енді бірі есту қабілетінен айрылғандар. Олардың жанында үнемі жақындары жүреді. Құзырлыларға амалдары таусылған соң, бірін-бірі жетектеп келіп отыр. Қаңтардан бері арзымайтын ақыны да төлемей отырған шенділердің әрекетіне шағым айтты.
 
Татьяна КЛЕНЦОВА, КҮТУШІ:

Менің әкем құлағы естімейді, көзі мүлде көрмейді. Анам да мүгедек. Алатын 20 мың теңге ештемеге жетпеген соң оларды үйде қалдырып, көше кезіп такси жүргізуші болып қосымша жұмыс істеймін. Алматыда 80 мың теңге алады екен күтушілер. Ал бізге 20 мың теңге береді. Сонда бұлар қалай есептейді?

 
Таразда жылпы жеті жүзден астам бірінші топ мүгедегі бар. Яғни, олардың 700 күтушісі бар деген сөз. Дені жақындары. Олар күні-түні қасынан табылады. Бірақ, төленетін қаражат тұратын жерінен баратын орынға ғана есептеледі. Қалған үйдегі қызметке ақы мүлде қарастырылмағанын түсіне алар емес. Күніне сегіз сағат қарадым десең тергеудің астына алып, сағаттарын қысқартып тастайтынына ашулы.  

Жұлдыз ҚАРАТАЕВА, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ:

Менің жеке көмекшім анам болып келеді қазіргі таңда. Біз мысалға қаңтар айынан бастап бір тиын алған жоқ. Сегіз сағат сендерге мүмкін емес дейді да. Мүмкін емес сенің анаң қасыңда 8 сағат жүргені деп айтады. Ал былай қарап тұрсаң қасымда 24 сағат жүр ол кісі. Бірақ мемлекеттің белгіленген 8 сағаттың өзін төлегісі келіп отырған жоқ.

Ал, жауаптылар әдеттегідей өздеріне шан жуытар емес. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, барлығы министрлік бекіткен ережесіне сай төленіп жатыр дегеннен аспады.  

Гаухар ОЛЖАБАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Жеке көмекшілер қоғамдық бірлестік арқылы құжат тапсырғанда қаңтар айын толық алды. Ақпан айының құжаттарын көмекшілер қоғамдық бірлестікке тапсырып жатыр. Түзеу жұмыстарын жүргізіп бізге береді. Содан кейін барып біз төлем жүргіземіз. Ол жақта ешқандай проблема жоқ. Минстрлікпен бекітілген бірақ ереже. Бірақ ол жақта жазылған. Нақты қайда бардың сол сағатты қоясың.  

Дегемен бұқараның жанайқайын антикор өкілдері тындады. Олар мәселені "Жамбыл-адалдық алаңы" кеңсесіне жолдады. Қоғамдық зерделеу жүргізілмек. Айтып өтейік, жыл сайын соқырларға 66 млн теңге, ал құлағы естімейтіндерге 58 млн теңге шамасында қаражат, жергілікті қазынадан бөлініп отыр. Демек қаражат бар, ал ақы төлеу қағазбастылық жұмыстарымен тоқтап тұр. Көмекшіге зәру жарымжандар, министрлік бекіткен ережені қайта қарап, оған түзету енгізуді талап етеді.  

Б.Жұмабай