Русский Сайттың толық нұсқасы

Акциздерден түсетін қаржы қайда кетіп жатыр?

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2021
  • 3106

Қазақстанда соңғы 15 жылда 40 мың көлік ұрланған. Оның тек тең жартысынан астамы ғана иелеріне қайтарылыпты. Ішінде ТМД елдерінен табылғандары да бар. Бұл проблемалы сұрақ бүгін сенат қабырғасында талқыланды. Ұрланып, шекара асып кеткен көлікті иесіне қайтару процесін жеңілдету үшін тиісті заң қабылданды. Сондай-ақ сенаторлар қос азаматтығы бар қызметкерлерді, жұмыстан босату туралы бастама көтерді. Сенат отырысын тындаған әріптесім Әлішер Өмірзақ тақырыпты тарқатады.

Бұл осыдан бір апта бұрын бас қаладағы қарашылардың, сәтсіз аяқталған «көлік ұрлау операциясы». Бір түнде 6 көлік олжалаймыз деп жолы болмай, істі болды. Десе де соңғы 15 жылда Қазақстанда 40 мың көлік ұрланған, оның тек 60 пайыздан астамы ғана иесіне қайтарылыпты.

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 
Ұрланған автокөліктердің 223-і ТМД елдерінде табылып, оның 66-сы елімізге қайтарылған. Сондай-ақ, біздің елімізде осындай 233 автокөлік табылып, 84-і ТМД елдеріне қайтарылды.


Ұрланған көліктің шетел асып, із-түссіз жоғалу мәселесін шешу үшін, сенаторлар тиісті заң жобасын қабылдады. Енді жаңа ережеге сай, жоғалған көлікке сұрау салуды орындауға бір ай уақыт беріледі. Ал сұрауы жоқ автокөлік бір жыл өткен соң қай жерде анықталса, сол мемлекеттің меншігінде қалмақ. Сондай-ақ шетел демекші отырыста қос азаматтық мәселесі де көтерілді. Сенатор Нұржан Нұрсипатов қос азаматтықпен күрестегі шаралар жетілдіруді қажет етеді деп есептейді.

Нұржан НҰРСИПАТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздіңше, қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамуды қажет етеді. Өйткені мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтығы бар фактілер әлі де анықталып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде қызмет ететін адамдардың шет мемлекетте тұруға ықтиярхат алуына тыйым салу мәселесін қарастыру ұсынылады.

Ал депутат Сергей Ершовты бензин, темекі өнімдеріне салынатын акциздерден түсетін қаражаттың қайда кетіп жатқаны алаңдатады. Логикаға сүйенсек, акциздер артқан сайын бюджетке көбірек ақша түседі. Демек, ел, халық игілігі үшін жұмсалатын қаржы көлемі артады. Бірақ біз қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына оң әсер етіп жатқанын байқамадық дейді.  

Сергей ЕРШОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Мысалы, бензинге акциздердің мөлшерлемесі 2 есеге - 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін, темекіге - 1 000 теңгеден 11 100 теңгеге дейін, яғни 10 есе артты. Түскен қаржы қайда кетіп жатыр? Осы орайда салық түсімдерін халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлу жолын қарастыруды ұсынамын.


Айта кетейік, Сенат бүгін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне салынатын акциздер саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді де ратификациялады. Оған сәйкес 2024 жылы темекінің мың данасы үшін салынатын акциздер 35 еуроға дейін қымбаттайды. Тиісінше дүкендегі темекінің бағасы өседі.

Ә. Өмірзақ