Русский Сайттың толық нұсқасы

Тоқтар Әубәкіровтің Торғай даласында заңсыз аң аулағаны ақиқат па?

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2021
  • 3590

Ғарышкер ме браконьер ме? Тоқтар Әубәкіров Торғай даласында заңсыз аң аулап жүр. Белгілі бизнесмен Батыр Сейкенов әлеуметтік желідегі парақшасында осындай жазба қалдырды. Желідегі жұртшылық жікке бөлініп, жазбаны қызу талқылап жатыр. Тоқтар Оңғарбайұлы Торғай жаққа барған. Оны жасырмады. Бірақ аң атпақ түгілі қолыма мылтық алғаным жоқ дейді. Кімге сенеміз? Кәсіпкер мен ғарышкердің дауына Заңғар Санай  араласты.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Айрықша қорғалатын аумақта қасқыр атуға халық қаһарманының рұқсаты бар ма? Кәсіпкер Батыр Сейкенов бұл сауалды министр Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке жолдаған.

 
Бизнесменнің әлеуметтік желідегі жазбасына жүгінсек әуелі қостанайлық шенеунік хабарласқан. Тұңғыш ғарышкер, кәсіпкердің аумағында аң аулағысы келетінін жеткізген. Бірақ Батыр Сейкенов бұған келісім бермеген көрінеді. Ол бұған дейін де шенді-шекпенділер мен бай-бағландарға рұқсат етпегенін жазыпты.

Батыр СЕЙКЕНОВ, КӘСІПКЕР:

«Менің жоқ, аң ауламайды» - деген жауабым қостанайлық шенеунікті тығырыққа тіреді. Әрі қарай, мен оған көктемгі дейінгі аң аулау маусымының 15-ақпанда аяқталғанын және популяцияны қалпына келтіру үшін қасқыр аулауды 2 жылға тоқтатқанымды түсіндірдім. Наурыз айында қасқыр қаншығының буаз екенін, сонымен қатар  киіктер мен еліктердің де төлдейтін уақыты таяғанын айттым.

Батыр Сейкеновтің сөзіне сенсек Кеңес одағының батыры «Алтын дала» резерватының аумағына ат басын тіреп, аң аулаған. Ал резерват басшылығы бұл күндері ешкімді көрмедік, деп ақталды.

Дүйсеғали АЙТБАЕВ, «АЛТЫН ДАЛА» РЕЗЕРВАТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


Мен өзім көрген жоқпын ешкімді де. Тоқтар Әубәкіровті де ешкімді көрген жоқпын. Мен неге өтірік айтуым керек. Көрген жоқпын бір-ақ ауыз сөз. Бізге территорияға ешкімге кіруге болмайды. Рұқсат жоқ. Мен содан басқа ештеңе айтпаймын.

Тоқтар Әубәкіров Торғай жаққа барғанын жасырған жоқ. Нақты қай аумақта болғанын айтпады. Ғарышкер аң атпақ түгілі, ойым да болмады деп отыр.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҒАРЫШКЕР:

 
Мен барғамын. Әкімде біледі. Бәрі де біледі. Мен қолыма мылтық та алғам жоқпын. Кіріп өткенмін аумақтан ары қарай. Ойлаған ғой өзі соның аумағына кірді деп. Содан кейін енді не істеу керек? Көтеру керек бар мәселені. Көтеріп бәрін айқай-шу жасаған. Өз обалы өзіне не істесе сол ақымақтың несі ғой. Мен оған мән бергім келмейді.


Тұңғыш ғарышкер Батыр Сейкеновті  жақсы білетінін, тіпті кезінде оған қолдау көрсетіп, қолтығынан демегенін баяндады. Кәсіпкердің өзімен хабарласа алмадық. Өйткені телефоны өшірулі тұр.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Ал жануарларға жауапты инспекция басшылығы біздің сауалға мардымды жауап бере алмады. Тек аймақта 7 мыңнан астам аңшы тіркелгенін мәлім етті. Олардың ішінде Тоқтар Әубәкіров жоқ.


З. Санай