Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы кардиологиялық орталықта орын жоқ

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2021
  • 3473

Батыс Қазақстан облысындағы жалғыз кардиологиялық орталықта орын жоқ. Науқастар қазір емдеу мекемесінің дәлізінде ем алуға мәжбүр. Ал өңірдің денсаулық сақтау ісіне жауапты шенеуніктер, тығырықтан шығу жолын іздеп әлек. Олар әлі толық салынбаған түрменің ғимаратын аурухана қылып өзгертуді ұсынып отыр.

Облыстық кардиологиялық орталық 140 адамға арналған. Бірақ дәрігер көмегіне жүгінгендердің саны одан да көп. Сондықтан палата босағанға дейін жүрегі сыр берген сырқаттар дәлізде емделуде.

Эльмира СҮЙЕУҒАЗИЕВА, БҚО КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осыдан үш жыл бұрын заман талабына сай, жаңа типтік кардиоорталық салу керек деген мәселені көтердік. Бірақ былтыр коронавирус індетінің кесірінен бұл жоспарымыз жоба күйінде қалды. Әрі орталық ковид жұқтырған науқастарды емдеу үшін «лас» және «таза» аймақ болып екіге бөлінді. Сондықтан қазір орын тапшылығы байқалып отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастар уақыт өткен сайын жасарып келеді. Күз бен қыс мезгілінде саулығы сыр бергендер күрт көбейіп, бір күнде 60-тан аса науқас жеткізеді екен. Ал шенеуніктер тығырықтан шығу үшін құрылысы аяқталмаған түрмені, аурухана қылып қайта салу керек деп отыр.

Арман ҚАЛИБЕКОВ, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазіргі кардиоорталық, бұрын Кеңес үкіметі кезінде шипажай болған ғимаратта орналасқан. Орталықты қажеттілікке сай қайта жабдықтағанымызбен, сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Әрі кетсе, мұнда 200 адамды жатқызуға болады. Бірақ өңірге жаңа орталық ауадай қажет.

Ақ халаттылар үміт артқан абақты құрылысы осыдан үш жыл бұрын тоқтатылған еді. Өйткені тексеру кезінде ғимараттың талапқа сай салынбағаны мәлім болды. Құрылысы 9,6 млрд теңгеге бағаланған нысанды салу кезінде, мердігердің 1,5 млрд теңгені жымқырғаны анықталыпты.

Е. Карин