Русский Сайттың толық нұсқасы

Кітапхана, кітап шығару...

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2016
  • 6865

Білім және ғылым министрлігі бизнес өкілдерінің мектепке қаржылай қамқорлық жасауын заңдастырмақ. Мысалы, егер кәсіпкер кітапхана жабдықтап бергісі келсе, оның тәртібі, ережесі болады. Негізі ондай үрдіс елімізде бар. Әсіресе ақын-жазушылар, қаламгерлер бай кітапханасын өткізіп жатады. Жап-жаңа мысал: әріптес аға, Сүлеймен Мәмет Алматы облысындағы туған ауылының мектебіне 3 мың кітап сыйлаған, интерактивті тақта алып берген, үздік оқушыларға шәкіртақы тағайындаған. 

Алайда біз кітап оқымайтын қоғамға айналдық. Шашың тік тұратын оқиғалар мен құбылыстар, санасыздық, жиіркенішті әрекеттер рухани аштықтан... Осы тақырыптың бір тармағы – елімізде қанша кітап шығады?  Біздің Ұлттық мемлекеттік кітап палатасынан алған сандар мынадай: палатаға былтыр 5508 атаумен кітап өнімдері келіп түскен. Олардың жалпы таралымы 18 млн 203 мың 810 дана. Кітаптың жан басына шаққандағы көрсеткішіне келсек,  былтыр  республиканың бір тұрғынына шаққанда бұл көрсеткіш-1,03.

Ал статистика агенттігінің мәліметінше, республикада кітап саудасымен айналысатын 160 мекеме бар. 2014 жылы 169  болған, яғни бір жылда 9 кітап дүкені жабылып қалған. Қазіргі кезде кітап сататын бөлшек сауда дүкендерінің басым көпшілігі Алматы қаласы және Алматы облысында орналасқан – 82. Ал Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір ғана кітап дүкенінен бар.

Мың сан сылтау, бәрібір сылтау. Көп нәрсе ата-анаға байланысты. Егер сіз үйде кітап оқитын болсаңыз, балаңыз да кітапқа жақындайды. Мен мамамның айлығын алғанын бір сөмке кітап алып келгенінен білетінмін. 

 Кітап тақырыбын Азамат Алдоңғаров «парақтады»: 

Мұсылмандық нанымда адам қолынан келетін, сауабы үзілмейтін ізгі амалдар бар. Солардың қатарында көпшіліктің пайдасына жарайтын рухани мұра қалдыру, мешіт, білім мекемелерін салдыру сынды бастамалар бар. Біздің де ортамызда осы аманатты көпке жария етпей-ақ, орындап жүрген азаматтар баршылық. Жазушы-журналист - Сүлеймен Мәмет. Ел арасында қаламынан шыққан қарымды дүниелерімен сыйлы азаматтың бар-тапқан таянғанын бір кітапхана қып туған ауылына сыйлағанын бірі білсе, көбі білмейді. Жаңалық құлағымызға жетісімен, ағамызды іздеп бардық.

Сүлеймен Мәмет, жазушы-журналист:

«Нұр Отан» партиясы журналистердің күніне орай бәйге жариялайды, сол бәйгеде «Нұр сұңқар» деген сыйлық берді маған, миллион теңге. Көктен іздеп жүргенім қолыма түсті, түсе салып, ауылыма бардым. Не жасаймын осы миллион теңгеге? Мектепті көрдім, миллион теңгеге ауылға бәлендей көп дүние жасайтын түрім жоқ. Мектепке барып кітапханасын көрсем тек оқулық, санаулы ғана кітаптар бар екен. Менің өзім сол мектепті бітірдім, өзім қызмет істедім. Сол кезде кітап жоқ. Содан ойладым, қой мен осы кітапхананы жабдықтайын деп.

Сүлеймен ағамызға кітапхана жабдықтауда тілеулес болған азаматтар көп. Інісінің игі бастамасынан хабардар болған Мырзатай Жолдасбеков бастаған зиялы қауым өкілдері, өз қолдарымен әкеліп кітап табыстапты. Сүлеймен ағамыз кітапхананы әдебиет, жиһаз, оқуға қажетті интерактивті техникамен жабдықтап қана қоймай, үздік оқушылар мен үздік ұстазға өз қалтасынан  грант тағайындаған. «Жегені жантақ» журналисттің аузынан жырып, ауылымен бөлісуі, шапағаты бір қара басынан артылмайтын кей бай-бағланға өнеге. «Маңдайың шылқып тұрған жоқ, не керек» деген сұраққа жазушы қарапайым ғана жауап береді.

Сүлеймен Мәмет, жазушы-журналист:

Ұрпақты тәрбиелеуіміз керек қой. Әр ұрпақты немен тәрбиелейміз? Кітаппен. Қазір мынау техниканың  пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оның адамның денсаулығына зияны бар. Ал кітаптың зияндығы жоқ.

Жазушы-журналист бүгінгі күнде қаламгер мен оқырманның арасы алшақтап кеткенін айтып күрсінді. Әр іссапарында мектеп аралауды әдет еткен ол, қазіргі жастардың көзі тірі қаламгерлерді айтпағанда, ұлттың қаймақтарын танымайтынына қапалы.

Сүлеймен Мәмет, жазушы-журналист:

Біз кітап емес, Абайдың атын айтамыз, бірақ Абайды оқымаймыз. Сіз ауылдағы мектепке барып, мен коммандировкаға барған кезде бірінші мектептерге барамын. Сонда ақын-жазушыларды сұрасаң білмейді, Әуезовті білмейді, Мұқановты ажырата алмайды. Абай романын оқымақ түгілі атын да білмейді.

Жарты сағаттық әңгіме, дендеген қоғам жарасының бетін тырнап ашты. Жас буын кітап оқымайды дегенді жиі естиміз. Жала ма, жоқ па, ал  елімізде кітап индустриясы кенже, жүдеу екені анық. Тіпті бұл салаға жауапты тұтас бір мемлекеттік орган жоқ. Мәселен. Мемлекеттің тапсырысымен басылатын мектеп оқулықтары Білім және ғылым министрлігінің құзырында болса, «әлеуметтік маңызды әдебиеттерге» көп қырлы Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Әдебиеттің жеткілікті тиражбен таралуын, автор-баспа-кітап дүкендерінің басын біріктіретін бір заң қабылданбаған. Сондықтан болар, бізде жан басына шаққанда бір қолға бір-ақ кітаптан бұйырады. Ұлттық-мемлекеттік кітап палатасының мәліметінше кей қалаларда тұтас шахарға жалғыз ғана кітап дүкені бар.

Ғалия  Ысқақова, «Ұлттық кітап палатасы» баспасөз статистикасы бөлімінің меңгерушісі:

Оқулықтар сапасы және кітап ісі полиграфиясының базасы бізде өте нашар. Кітап саудасы, кітап тарату  және кітапханалардың қорын толтыру, және шыққан кітаптарды оқырмандарға жеткізу жолын табу – сол мәселе үлкен мәселе деп ойлаймын. Және де біздің елімізде кітап наисхаттау жеткіліксіз. Мысалы теледидарда, мерзімді басылымдарда, осы кітап ісін насихаттау, және шыққан кітаптар туралы айту жетіспейді деп ойлаймын.

Маман кітап оқушылардың қатары сирегенін растады. Белсенділік әсіресе қазақ тілді ортада төмен. Ауыл баласы қазақтың қаймағын танымаса, қала баласы әлемдік әдебиеттің сиқырына әуес.

Ғалия Ысқақова, «Ұлттық кітап палатасы» баспасөз статистикасы бөлімінің меңгерушісі:

70 пайыз оқырман «иә, біз кітап оқимыз» дейді. Кітапты әртүрлі, дәстүрлі қағаз түрінде де, әлеуметтік желілер арқылы да дейді. Бірақ көбісі, 50 пайыздан аспайды, өзіміздің қазақстандық қаламгерлердің кітабын оқитын. Көбінесе әсіресе жастар шетелдің Гарри Поттер, басқа-басқа кітаптарды оқимыз дейді.

Шетелдік әдебиетке құмар оқырманға да кінә арта алмайсың. Қазақстандық кітап, импорт әдебиеттен қымбат, парадокс.

Ғалия Ысқақова, «Ұлттық кітап палатасы» баспасөз статистикасы бөлімінің меңгерушісі:

Кітап құнын төмендету үшін қандай мүмкіндіктер бар екен? Енді оны айтқандай, мысалы қазір бізде кітаптың көбі, белгілі, ірі баспалардың өздері шетелде шығарады. Қытайға, Турцияға апарып. Мысалы өзімізде полиграфиялық база дамып, өзіміздің елімізде қағаз шығарылып, қағаз да жоқ қой бізде, сонда мүмкін бағасы төмендейтін шығар.

Гүлдана Әлібекова, кітап дүкенінің сатушысы:

Бірінші наурызға дейін өте арзан болып келді. 500-600 теңгенің көлемінде. Бірақ қазір шикізат қымбат қой. Сол үшін безде де баға өсті кішкене. Бірінші наурыздан бастап.

Астанадағы ірі кітап дүкенінің қызметкері, Қазақстанда Италиядан қағаз алдырып, Қытайға апарып кітап бастыратынын айтады. Сондықтан дүкендегі ресейлік өнім өзіміздікінен арзан. Ал орташа бағаның мың мен үш мың теңге аралығында екенін ескерсек, қанша жерден патриот бол, қымбатқа алып қалтасынан кім қағылсын?

Гүлдана Әлібекова,  кітап дүкенінің сатушысы:

Орыс тілінде енді көптеу болар. Қазақ тілінде де бар, бірақ бізге қазір баспалармен жұмыс істеу қиындау, авторлармен, баспалармен емес. Авторлар мысалы өздері жеке баспаларда басып шығарады да, біз ол авторларды іздеуіміз керек.

Кенже индустрия, олқы заңнан кем түспейтін, түзетуге мұқтаж тағы бір проблема –оқырман мәдениеті. Кітапты қазына санайтындардың қатары сирек. 

Ақселеу Сейдімбек «Шынның жүзі» сұхбатынан:

Кітапқа көп қаражатым кетті. Кітап менің сиқырлы таяғым. Мені Ақселеу етіп тұрған менің кітапханам.

Бұл атақты, қазақтың Ақселеуінің сұхбатынан үзінді. Жеке қорында 20 мыңнан астам кітабы болған ғалым Қадыр Мырза Әлі замандасынан кітабым көп деп мақтанады. Көзі тірісінде мол қорының бір бөлшегін Отырар кітапханасына өз қолымен тапсырған.

Қарлығаш Хамзина, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының ғылыми қызметкері:

Бұл кітаптарды Ақселеу ағамыз көзі тірісінде Отырар кітапханасы ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай  ағамызға әкеліп тапсырады. Кітаптардың жалпы саны 1278 дананы құрайды. Оның ішінде ол кісінің қолжазбалары да бар. 

Ақселеу Сейдімбектің жеке кітапханасында ұлы Абайдың өзі астын сызып оқыған, кейін Мұхтар Әуезовтің қолында болған кітап болыпты. Алайда ұлт игілігі кейін бір себептермен жеке қолға сатылып кеткен. Құнды жәдігер үлкен кітапханаға қайтса, кітап оқуға деген көпшіліктің көңілін оятатыны сөзсіз. Бұл да кітап ісін дамытуға қосқан үлес болар еді. Алайда құнды қазынаны ел аралап жүріп түгендемес бұрын, қазақ жазушысының жазбасын Қазақстанда жасалған қағазға, өзімізде басатын жетістікке жетіп алмақ керек.

Сүлеймен Мәмет, жазушы-журналист:

Әбіш Кекілбаевтың, күні кеше өмірден озған,  кітабын алдымда ұстап отырамын. Оқып отырамын, өйткені ол кісіде сөздің құдыреті бар. Абайды күніне бір қарамасам, басым ауырады.

Осы ағалардың өнегесімен кітап оқымаса басы ауыратын ұрпақ өссе, елдің келешегі де кемел болады. Экономика, саясат, дағдарыс деп жүріп әдебиет, руханият деген ұмыт қалып барады...  Азамат Алдоңғаров, Нұрсезім Төлеуова, «Біздің уақыт».