Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жаяу жүргіншілер жолы бір қысқа шыдас бермеді

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2021
  • 1985

Қызылордада 6 ай бұрын ғана төселген жаяу жүргіншілердің жолындағы жиектері үгітіліп жатыр. Бюджет қаражаты жұмсалған бардюрлер бір қысқа шыдамағаны ма? Қаланың қақ ортасындағы бұл келеңсіздікке, жергілікті шенділер қалай жол берді? Қала халқы жол салу құрылысының әу-баста дұрыс басталмағынан айтады.  

Бұл қала орталығындағы Шүкіров көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы. Тұрғындардың айтуынша, былтыр күзде ғана салыныпты. Алайда, бардюрлері жауын-шашынға шыдас бермей, күл-талқаны шыққан. Қаладағы бірнеше көшедегі бардюрдің қазіргі сиқы осы.

Патма КӨШТАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің, сенің, балаларымның ақшасы ғой бюджеттегі ақша. Халықтың ақшасына салғанды халықтың өзіне сапалы қылып, сапасын жоғары қылып салып берсе болды ғой бізге. Басқа ешнәрсе сұрап жатқан жоқпыз.

Зәуре МАРГЕЛОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жаяу жүретін тротуардың өзі қар жауып тұрған кезде осы жерде балалар жұмыс істеді. Қардың үстінен, тастың үстінен асфальт жүргізді. Қыстың көзі қырауда, қар жауып тұрғанда жүргізген асфальтты бірінші көріп таң қалдық. Бір тасы ұшса, бәрі үгітіледі.


Әкімдіктегілердің мәліметінше, былтыр 68 көшеге ұзындығы 102 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынған. Ортақ қызаныдан бөлінген қаражатқа жасалған жұмыстың, нақты шығыны белгісіз. Жауаптылар жауап беруге дайын емес екендерін айтты. Жол салу жұмыстары басталғанда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сапасыз жұмысты «қабылдамаймын» деп кесіп айтқан еді.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ертең айтпау керек, қаланың әкімі қайда қарады. Болмаса бізде үйреніп қалған жақсы сөз бар ғой, жеп кетті, үйтіп кетті, бүйтіп кетті. Маған оның керегі жоқ. Маған жұмыс керек және сапалы жұмыс керек. Ақшада төленбейді, жұмыста қабылданбайды.

Бірақ райынан қайтқаны ма? Әлде уәдесінен тайғаны ма? Сапасыз жұмыстарды әкімдіктің меншігіне қабылданған. Алайда қалай қабылдағаны белгісіз? Сауалымызды жауапсыз қалдырды. Айтқандары: мердігер мекеменің кепіл мерзімі бітпеген. Сондықтан, кеткен кемшілікті қалпына келтіруге келіссөз жүргізбекші.
 
М. Тоқтасынқызы