Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық дәрігерлер кеселден қорғанатын костюмдерді қымбат бағаға сатып алған

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2021
  • 1708

Петропавлда коронавирус өршіген тұста, дәрігерлер обаға қарсы костюмдерді қымбат бағаға сатып алған. Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері хабарлады. Құзырлылар, денсаулық сақтау саласын тексеру барысында бірқатар олқылықтарды анықтаған. Тіпті медицина саласының қызметкерлеріне тағайындалған үстемеақыны, тек науқастармен тікелей жұмыс істеген дәрігерлер ғана емес, кеңсе қызметкерлері де алып отырған. Ал, қорғаныш құралдарын шамамен екі есе қымбат бағаға сатып алғаны белгілі болды.

Дамир ХАБИБУЛИН, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Мемлекеттік тапсырыс бойынша келісім-шартқа сәйкес денсаулық сақтау басқармасы Шкарин жеке кәсіпкерінен обаға қарсы костюмнің 686 данасын сатып алған. Әрбіреуінің құны 40300 теңгені құрайды. Дәл сол кезеңде аталған мекеме СК Фармация серіктестігінен 7000 костюмді 23 мыңнан алған. Яғни, айырмасы бақандай 16 мың теңгені құрайды. Бюджет қаражатын 11 жарым миллион теңгеге үнемдеуге болар еді.

Басы дауға қалған денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, бұл айыптауға дереу жауап берді. Олар сол кездегі қарбалас пен тапшылық бұған себеп болғанын айтып ақталды.

Нұрлан АЙМАНОВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әлемді жаулаған пандемия кезінде бізді обаға қарсы костюммен СК Фармация компаниясы қамтуы тиіс болды. Олармен келісім-шартты наурыз айында жасастық. Бірақ костюмдер бірден келмеді. Бізде сәуір-мамыр айларында дерттен оқшаулайтын киімнің тапшылығы пайда болды. Менің алдымда дәрігерлерді киіндіру міндеті тұрды. Сондықтан жеке кәсіпкерден сатып алуға тура келді. Ал СК Фармацияның костюмдері бізге мамыр айында бірақ жетті.

А. Құрманкин