Русский Сайттың толық нұсқасы

Қапшағай су қоймасына медициналық қалдықтарды төгіп кеткен

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2021
  • 1758

Алматыдағы Қапшағай су қоймасының жағасына, медициналық қалдықтарды тастаған кім? Бұл сауалға жергілікті атқамінерлер жауап бере алмай отыр. Өйткені қоқыстың иесін таба алар емес. Пайдаланылған шприцтер мен инелерді жергілікті тұрғындардың бірі таспаға түсіріп, әлеуметтік парақшасына жариялаған. Ол сол маңда ойнап жүрген балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Бассыздыққа ашуланған тұрғын, мұның экологияға да кері әсері болатынын айтып, дабыл қақты.

Ал желіде пікір қалдырушылар қалдықтар Қапшағай қалалық ауруханасына тиесілі деп топшылаған. Осы ретте аурухана әкімшілігі медицина қалдықтарының аталған мекемеге еш қатысы жоқ екенін алға тартты. Олардың дерегінше, ай сайын жойылатын қалдықтар жайлы басқармаға есеп беріп отырады. Тіпті төгетін арнайы полигондар қарастырылғанын жеткізді. Айта кетейік, бұл қалдықтардың кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі кінәлілерді анықтаған соң ғана пікір білдіруге уәде етті.

Ғ. Өтемісов