Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирустың құрбандарынан қызылжарлық полицейлер ақша жасаған, - Антикор

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2021
  • 2344

Коронавирустың құрбандары күрт көбейген былтырғы жазда, қызылжарлық полицейлер ақша жасаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік арнайы тексеріс кезінде, осыны анықтаған. covid 19-дың құрбандарын жерлеумен айналысқан мекемелердің тәртіп сақшыларына қаражат аударғандары белгілі болды. Полиция департаменті қазір өз қызметкерлеріне қатысты ішкі тергеуді қолға алған. Бір мәйіт үшін полицейлер қанша ақша алып отырған? Оларға қандай жаза кесілмек? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жалғастырады.

Жаға ұстатарлық бұл ақпарат осыдан апта бұрын тараған еді. Бірақ ол кезде жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері жұмған аузын ашпады. Бүгін ғана бұл ақпаратты ресми түрде растады.

Нұрлан ЖАХИН, СҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Олар ритуалдық аганеттіктерге ақшалай сыйақы үшін Петропавл қаласының аумағында қайтыс болған адамдар жайлы мәліметтерді ұсынды деп күдіктелуде. Яғни мұнда қайтыс болған адамның сауалнамалық деректерін бергені үшін төрт мың теңге иемденген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.


Пысықай полицейлер жымысқы әрекеттерін шілде мен қазан айларының аралығында іске асырыпты. Індет құрбандарының деректері алдымен тәртіп сақшыларына түскен. Олар бұл ақпараттармен жергілікті жерлеу агенттіктерімен бөлісіп отырған. Әрбір мәйіттің есімі мен мекен-жайы үшін 4 мың теңге алып келген. Жерлеу агенттіктері өкілдерінің сол кезде дереу жетіп келгенін, әлеуметтік желіде бұқара да растап отыр.   

БЛИЦ:

 
 - Біздің былтыр әжеміз қайтып кетті. Учаскелік полицей кетпей жатып, табалдырығымыздың алдында жерлеу агенттігінің қызметкері келісім-шартты қолтығына қысып тұрды.

- Жолдасымның бақилық болғаны жөнінде полицияға хабарластым. Бес минуттан кейін жерлеу агенттігінен хабарласып, өз қызметтерін ұсынды. Тағы он минуттан кейін келіп, мәйітті алып кетті. Ал полицейлер тек 1.5 сағаттан кейін бірақ келді. 


Полиция департаменті БАҚ өкілдеріне тек жазбаша түрде ғана жауап берді. Айтуларынша, қазметтік тексеріс басталған.  

СҚО ПД ІШКІ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ:
 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы бірлесіп, бірқатар қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Қазір бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, кінәлі тұлғаларды анықтап, олардың тікелей басшыларын жауапқа тарту мәселелері қарастырылуда.

Ал жерлеу агенттіктері өз кінәларын мойындамай отыр. Олар күні бүгінге дейін полицейлермен ешқандай  байланыс орнатпағандарын айтуда.   

Вадим ПРИХОДЧЕНКО, ЖЕРЛЕУ АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Біз бұл салада жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істейміз. Жұрт бізді таниды. Марқұмның туысқандары бізге өздері хабарласады. Не полицейлер, не медицина қызметкерлері бізге ақпарат таратпайды. Біз ешкімге мәлімдеме үшін ақша төлеген жоқпыз.

Сонымен бұл күмәні басым істің ақ-қарасын енді құзырлы органдар анықтамақ. Айта кету керек, күні бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустан 42 адам бақилық болды.

А. Құрманкин