Төртінші тоқсанды мектеп оқушылары онлайн ба, әлде офлайн оқи ма? Білім және ғылым министрлігі, елдегі 300-ге дейін оқушысы бар мектептерді, дәстүрлі форматқа көшірмек. Бұл талап "қызыл" аймақтағы өңірлерге қатысы жоқ. Вирус тараудың қарқыны жоғары өңірлерде сабақ қалай жалғасады? Қандай жағдайда мектеп карантинге жабылады? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында толығырақ.
Бір сынып, бір кабинет. Төртінші тоқсанда білім алу осы қағидатқа сай жүргізілмек. Сыныптағы бала саны 25-тен аспауы керек. "Жасыл, сары" аймақта оқытудың аралас форматы қолданылады. Індет тараудың тәуекелі жылдам өңірлерде қашықтан оқу қатар жүрмекші.
Шолпан КАРИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жерлерде 1-4 сыныптар, барлық жалпы білім беретін мектептерде және халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар, бітіруші 9-11 сыныптар бұлар аралас форматта оқуларын жалғастаратын болады.
Оқу жылы басталғалы республика бойынша 11 мыңнан астам оқушы мен 2 мың 800-дей мұғалім дертке шалдыққан. Бұған дейін мектептегі 1 балада коронавирус анықталса, онда білім ошағы карантинге жабылатын. Вице-министр осындай жағдай енді қайталанса тек сол сыныптың оқушылары ғана оқшауланады деді. Жауаптылар оқу жылының соңындағы бұл өзгерістер ата-аналармен ақылдаса жасалған шешім екенін жеткізді.
Шолпан КАРИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өңірлердің алдын ала берген ақпаратына сәйкес, оқушылардың басым бөлігінің ата-аналары оқушылардың мектепке барғанын қалайды. Балаларын мектепке жібергісі келмейтін ата-аналардың саны аз екенін айтқымыз келеді. Бірақ, осындай ерекше жағдайларда қалдыратын мүмкіншіліктер болады.
Қызылордалық 5 баланың анасы Гүлжайна, бұл жаңалықты қуанышпен қабылдағандардың бірі. Себебі, 4 оқушысы бар отбасында бір мезетте сабақ оқу қиындық туғызыпты.
Гүлжайна АЛМАТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұларда барып оқығанды қалайды. Өйткені 7-сыныпта жаңадан қосылған пәндер бар. Басында мен бір-екі ай қосымшаға бердім. Бір айға 45 мың теңге төледім.
Ал, елордалық ата-ана балаларын мектепке жіберуден бас тартады. Тіпті, індеттен қорқып баласын балбақшадан шығарып алыпты.
Айнаш ШОЙЫНБЕК, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің өзімнің қызымның оқу үлгерімі өте нашарлап кетті. Бірақ мен үшін денсаулық маңызды деп ойлаймын. Баланың дәл қазіргі жағдайда үйде онлайн оқығаны дұрыс деп санаймын.
Астананың бас санитар дәрігері де дабыл қақты. Ол сырқаттанушылардың арасында 14 жасқа дейінге балалар көбейген деп отыр.
Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында 20,3 пайызы осы инфекцияға бейім болып табылады.
Сондай-ақ Алматының денсаулық сақтау басқармасы да мектеп жасына дейінгі балалар арасында коронавирус жұқтыру үш есе және қашықтан оқып жатқан оқушылар арасында төрт есе өскенін хабарлайды.
А. Данияр, М. Тоқтасынқызы