Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өзге пікір» айдары

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2016
  • 2331

Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары.

Ассалаумағалейкүм! Парламент депутаттары үшін 15 млн. теңгеге қымбат спирттік ішімдіктер сатып алынбақ. Бюджет теңгелеріне әрине. Мәжілісмендер бұған дейін де «жылы-жұмсақ» тірлікті ұнататындарын көрсетіп, 5 жұлдызды қонақ үйге жайғасқандары есімізде. Қазір бәрін айтып беремін.  

Парламенттің шаруашылық басқармасының ресми - hozu.parlam.kz сайтында «қызық» ақпарат пайда болды. Олар алкоголдік өнімдерге тапсырыс беру үшін спирттік өнімдер сататын компанияларды өздері туралы ақпарат беруге шақырады.

hozu.parlam.kz сайтында шаруашылық бөлімі сатып алуға дайын өнім түрлерін де тізген. Міне, құжаттың көшірмесі менің қолымда. Мұнда шарап, коньяк, арақ, виски және шампанға тапсырыс берілген. Және жай емес, әр ішімдіктің түсі, иісі қандай болу керек екені, қанша жыл сақталғаны, қандай әдіспен дайындалғанына және құрамына нақты талаптар қойылған.  «Нұр.кз» порталы өз есебін жүргізген. Олардың есептеуінше, депутаттардың «шөлін» қандыру үшін 7 612 литр қажет. Ал оны алу үшін кем дегенде 15 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалады. 11 мың шөлмек сатып алынбақ. Алайда Парламенттің шаруашылық бөлімі «ақпарат бұрмаланған» деп түсініктеме берді. Сөйтсек, ақпарат шаруашылық сайтына жарияланғанда, қате кетіп қалыпты  -  519 шөлмек 11 мың деп жазылып кетіпті. Ал алкоголдік ішімдіктерді сатып алуға, 15 миллион емес, «не бары»  2 063 750 теңге жұмсалады екен. Және ол бюджеттен емес, шаруашылықтың өз қызметінен түскен ақшаға алынбақ.

Аноним:

Мұндай қымбат ішімдіктерді өз ақшаларына сатып алып ішсін.

Аноним:

Өмір сүру - жақсы! Ал жақсы өмір сүру, одан да жақсы, демекші, дұрыс!

Аноним:

Барлық жеңілдіктерден айыру керек. Ресми орташа жалақыға өмір сүрсін!

Аноним:

Дұрыс! Депутаттардың жұмысы өте жауапты. Жұмыстан бос уақытында олар да демалу керек қой.

Аноним:

...Алкоголь халық қалаулыларының жемісті еңбектеріне кедергі келтіреді. Сондықтан оларды таңғы 7-8-ден жаттығуға шығару керек. Сосын оларға шай мен шырын ішуге тыйым салу қажет. Олар диабетке себепкер болады, ал біздің депутаттар онсыз да арық емес. Денсаулықтарын сақтау үшін лифтілерді тоқтатып, баспалдақтармен жүргізу керек. Электр қуаты да үнемделер еді...

Аноним:

Ішімдіктер шетелдік әріптестерімен кездесулерге керек. Ресми қонақасы деген бар емес пе?! Енді ол жерде «Сарыағаш» суын ішіп отырмайды ғой.  

Астанада нөмірі екінші перинаталдық орталықтың екі дәрігерінің сотталуы олардың әріптестерінің ашу-ызасын туғызды. Ақ халаттылар арнайы сайт ашып, петицияға қол жинап жатыр. Тіпті «ақтап аламыз» деп, адвокат жалдамақ. Ал сот реаниматолог-анестезиолог пен акушер-гинекологты ананың өліміне «кінәлі» деп айыптап, әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырды. Олар мерзімін қоныс колониясында өтемек. Және 2 жылға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Не үшін дейсіз бе? Оқиға 2014 жылдың күзінде болған. Жүктілігі қалыпты өткенмен, кесер тілігімен дүниеге бала әкелген келіншек реанимациялық бөлімге ауыстырылады. Сол жерде қайтыс болып кетеді. Судья, әйел дәрігерлердің салғырттығынан, операцияның кеш жасалғанынан ажал құшты деп санады.  

Татьяна:

Елімізде  анестезиолог-реаниматологтар жеткіліксіз. Олардың жұмысы өте ауыр. Қателік кетпес үшін, құдай болу керек шығар.

Aseke:

Адам өлімін жауапсыз қалдыруға бола ма?

Әсел:

Бұл сұмдық!!! Дәрігерлерді адам өмірін сақтап қалуға тырысқаны үшін түрмеге отырғызуға бола ма? Оларды қылмыскерлермен теңестіру деген барып тұрған шектен шыққандық.

Таңғы қонақ:

Бұлай жалғаса берсе, дәрігерлерсіз қаламыз. Олардың жалақысы өте төмен. Жұмыс ауқымы көп. Көп қағаз толтырады. Науқастардың шағымы да «емдеймін» деген көңіліңді басады.

Adam Sarykamal:

Елде дәрігерлердің жалақысы төмен екенімен ешкім дауласпайды. Бірақ бұл, науқастың өмірі мен денсаулығына салғырт қарауға болады деген сөз емес. Ал ондай жағдай өте жиі кездеседі. Дәрігерлердің балаларға ВИЧ індетін жұқтырғаны естеріңізде болар. Ол кезде дәрігерлер құтылып кетті. Ал министр болған адамның жағдайы тіптен жақсы. Менің ойымша, мұндай қылмысқа сот өте жұмсақ жаза берген. 

Ал бізге пікір алуандығы маңызды. Пікір білдіруден шаршамаңыз! Өзге пікірге сіздің пікіріңіз керек!