Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда 12 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2021
  • 2899

Шетелде заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандық жастар көп. Бір ғана Оңтүстік Кореяда 12 мыңнан астам жерлесіміз жасырын жұмыс істеп жүр. Бұл тек ресми мәлімет, тіркелмегені қаншама? Көбіне жақсы жалақыны мақсат тұтып шекара асып кететіндер жыл санап артып келеді. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы олқылықтың орнын толтыру жолдарын ұсынды. Нәпақа табамын деп қара жұмысқа жегілгендер кімдер? Олардың мақсаты не? Әріптесім бұл сауалдарға жауап тапты.

Қазақстандық жастар үшін жасырын еңбек етуге таптырмайтын елдер қатарында Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Бұл елге жерлестеріміз заңсыз еңбек ету үшін, соңғы 6 жылда туристік визамен баратын болған.

Олардың басым көпшілігі қара жұмыс істейді. Себебі, заңсыз жұмысқа тек құрылыс, немесе зауыт-фабрикаларда ғана мүмкіндік бар көрінеді. Оның өзі қауіпсіз емес.

Мысалы 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне баратын мигранттардың саны 359 адамнан, 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өсті. Көбі 20 мен 35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастар. Солардың бірі шымкенттік Сымбат Ермахан. Тіршілік қамымен Кореяға аттанғанына үш жыл болған. Чин-Чуан деп аталатын қаладағы шағын цехта жұмыс істейді. Мұнда келетіндердің басты мақсаты жоғары жалақы дейді,-бойжеткен. Тіпті бірнеше жылда әлеуметтік жағдайды тұрақтандырып алуға толық мүмкіндік бар деп отыр.

Сымбат ЕРМАХАН:

Жұмыстар оңай, қыздар зауытта жұмыс істейді. Ал ұлдар құрылыста жұмыс жасайды. Келем дегендер болса шынымен бұл жақта жұмыс жақсы. Екі жылда жақсы жағдай жасап алуға болады.


Жоғары жалақы қызықтырғанымен қолбайлау тұсы көп. Ешқайда шыға алмайсыз, құжатсыз ұсталсаңыз жауапкершлікке тартылып, депортациялануыңыз да ғажап емес. Сондықтан, олар жасырынып жүруге мәжбүр. Бұдан бөлек, еңбек келісімі де рәсімделмейді. Мұны байқаған Мәжіліс депутаттары кеш болса да дабыл қақты. Тіпті Сыртқы істер министріне ресми сауал жолдады. Шекара асқан қазақстандық мигранттарға заңды жұмыс істеуге мүмкіндік жасау керек деп отыр.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

«Әр қазақ – менің жалғызым», – деп Сабыр Адай айтқандай, Отанынан жырақта еңбегін пұлдап, нан табудың жолында жүрген азаматтарымыздың мәселесін кім шешпек?! Біле білсеңіздер, 12 мың адам, ол он мыңдаған тағдыр мен олардың тілеуін тілеп жүрген 12 мың отбасы.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ақша аударымдары 1,7 миллионнан 105 млн. АҚШ долларына дейін өскен. Яғни 6 жылдың ішінде аударылған қаржы көлемі 60 есеге ұлғайған.

Ғ.Өтемісов