Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалған медициналық клиника жұмысын жандандырғандардың жазасы сол күйі қалдырылды

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2021
  • 1651

Шымкентте жалған медициналық клиника ашып, аңқау елге арамза молда болғандардың ісі бүгін аппеляциялық сотта қаралды. Екі жылда ұзын саны 668 адамның атына 125 млн теңгеден астам несие рәсімделген болатын. Сот үкімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсіргендердің талабы қаншалықты қанағаттандырылды? Әріптесім Айзада Төребекқызы айтсын.

Шымкент қалалық сотының ғимаратына таң атпай жиналғандардың дені - зейнеткерлер. Барлығы дертіңе дауа таптырам деп телефонына тыным бермеген уәдеге иланып, сеніп қалған.

Гүлнар ЕРМАНБЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тез ем алмасаңыз жақында уже соңына жетейін деп тұр екенсіз денсаулығыңыз, қайтыс боп кетуіңіз мүмкін деп қорқытты да сонымен ем алуға көндірді. Сөйтіп олардың бағасын есіткен кезде мен ол бағаға 270 мыңнан төлеуге шамам жоқ қой деп ем қазір көреміз, сіздің атыңызға кредит төлейміз, 18 айда сіз құтыла саласыз ғой, не бопты айына 15 мыңнан түседі деп көрдірді.

Клиника ішіне жайғасқан банк өкілдері, «қара тізімде» болған сіңлісіне де осынша ақша шығарып беріпті. Гүлнар Ерманбетова секілді алдандық дегендердің ұзын саны - 668 адам. Кейбірі жартылай ем алғанмен нәтиже көрмеген көрінеді. Өткен қыркүйекте басталып, тоғыз ай тергелген қылмыстық іске сот нүкте қойған. Жәбірленушілердің шығынын өндіруге үкім еткен-тін. Бірақ шуласқан жұрт әлі тиын көрмегендерін алға тартты.

Фердагүл БАТЫРҚҰЛОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол үкім әлі амалға асқан жоқ. Ендігі біздің мақсатымыз осы 250 мыңды өзімізге қайтарып берсе, денсаулық жоқ. басқа жерлерге өзіміз емделеміз деген ой. Бізге тек ақшамызды қайтарса болды. Қай жерден өндіріп алатынымызды білмейміз.

Әл-фараби аудандық сотының үкімімен өткен қыркүйекте бұл істе басты фигурант –ресей азаматы Алексей Гончаров 10 жылға, ал жеке клиникаларда басшылық қызметтерді атқарған жергілікті үш азаматша 5 жылдан 6,5 жылға жаза арқалаған болатын. Аппеляциялық сотқа шағым түсірген солар. Бірақ талап арызды ұзақ қараған сот алқасы ішінара болмаса бірінші сатыдағы сот үкіміне аса көп өзгеріс енгізген жоқ. Бұл шешім сотталғандардың туыстарына жеңіл тимеген секілді.

Еске салайық, сотталғандар 2017-2019 жыл аралығында  адамдарды диагностикадан тегін өткізіп әрі емдейміз деп Шымкентте бірнеше жалған медициналық клиникалар желісін ашқаны сотпен дәлелін тапқан. Бұл клиникалар ресей азаматының тікелей басқаруында болған.
 
Ербол ЖАНҒАЗИН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірінші сатыдағы сот тергеуінде объективті түрде зерттелген дәлелдермен өз олардың кінәлары «алаяқтық» қылмыс жасағандығы қанша халықты дүрбелеңге салып, осындай материалдық залал келтіргені дәлелденді.  

Ұйымдасқандар дертіне дауа іздеген жандарға 125 млн теңгеден астам шығын келтірген. Соның 120 млннан астамын Гончаров қайтаруы тиіс. Сот алқасы шығындарды қайтаруға үш ай мерзім берді.

Алайда, сотталған жергілікті үш азаматшаның туыстары сот үкімімен келіспеді. Олар бұл істің басы қасында болған ресейлік бірнеше азаматты табуды талап етеді.

А. Төребекқызы