Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлықтар үй ішінде тобықтан су кешіп жүр

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2021
  • 1996

Қостанайда қала ішіндегі қардың көбесі сөгіліп, кейбір көшелер көлшікке айналды. Әсіресе көпқабатты үйлердің  ауласын еріген қар суы басып, қалың жұртқа  қолайсыздық тудырды. Шаһар шетіндегі жеке сектор тұрғындары да қарбаласқа түсті. Тәулік бойы тобықтан су кешкендер биліктен жәрдем сұрап отыр.

Бұл - қала іргесіндегі «Қостанай-2» шағын ауданы. Еріген қар суы, демалыс күндері баспаның ішіне кірген. Содан бері бұқара дабыл қағуда. Бірақ құлақ асар шенді таба алар емес. Олар көктем сайын қар суынан зардап шегеміз, деп шағымданады. Жылда баспанасын жөндейтін жұртшылық, биыл жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр.

Анастасия ФИЛЛИПЕНКОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге де көмектесулеріңіз керек. Кішкентай балаларымызды құтқарыңыздар. Менің үш балам бар. Алты айлық нәрестем мына ылғал үйде қалай өмір сүреді деп ойлайсыздар? Әкімдікке видео жіберіп, телефон шалып жатырмыз. Бірақ ешкім бізге жауап бермейді.


Жеке сектордағы он шақты баспананы су басқан. Тұрғындар түні бойы іштегі суын сорғызып, қарбаласқа түскен.

Есімбек ШӘРІПОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шығара бердім. Бес минут демалам. Қайта шығарам. Бір кезінде ме екі кезінде ме ұйықтап қалыппын. Таңертең тұрсам су кетіпті.

Бұл аумаққа жауапты мердігер шамасы жеткенше қалың қарды аулаққа тасыған көрінеді. Бірақ тұйық жерлер аршылмай қалған. Бұл күндері қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің ауласы да көлшікке айналған. Жас тұрғындар қар суынан қарғып өтсе, қарт тұрғындар көше бойын жағалап төте жол іздеп әлек болуда.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Шаһар билігі Тургенев көшесінің тұрғындарына көмектесе ме? Бұл сауалдың жауабы жоқ. Өйткені әкімдік өкілдері тілшілерге тіс жармады. Әуелі брифинг ұйымдастырамыз деген баспасөз қызметі де, кенет бұлтарып кетті.

З. Санай