Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында үш адамның өліміне себеп болған жылқының иесі іздестіріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2021
  • 2782

Түркістан облысында демалыс күні бір отбасының үш адамы жол апатынан қаза болды. Апатқа жол үстіндегі жылқы себеп болған. Самара-Шымкент тас жолында "Tayota Camry 50" автокөлігінің жүргізушісі , құлынды байқамай қалса керек. Жол көлік апатына кім кінәлі, жүргізуші ме жоқ әлде үлкен жолда қараусыз жүрген төрт түліктің иесі ме? Оқиға орнына барып қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы баяндасын.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жол көлік апаты «Самара-Шымкент» тас жолының дәл осы бөлігінде болған. Бұл Ордабасы ауданына қарасты аумақ. Полицияның мәліметінше, жылқыға соқтығысқан жеңіл автокөлік дәл осы жерге жүз метрдей жүріп келіп, әзер тоқтапты.


Жол көлік апаты сенбі күні кешкі сағат сегіз жарым шамасында болған. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіген жеңіл автокөлік Түркістаннан Шымкентті бетке алыпты. Әлеуметтік желіде тараған мына бейнежазбаны қараудың өзі ауыр. Соққының қатты болғаны соншалық автокөліктің төбесі опырылып қалған. Көлікте болған төрт адамның екеуі сол жерде тіл тартпай кеткен. Олар ерлі-зайыптылар. Ал 2013 жылы туған немерелері ауруханаға жетпей жан тапсырған.
 
Бақытжан МАХАНБЕТОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ПБ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Аталмыш жағдайда жүргізушінің кінәлілін тиісті сараптама тағайындалып, тиісті бағасы беріледі тергеу барысында. Ал малдың иесіне қатысты ҚР ӘҚК 408 бабымен әкімшілік жауапкершілілке тартылады. себебі қараусыз малды жібергені үшін. Малдың иесіне табуға бағытталған тиісті жұмыстар жүргізудеміз.  

Көлік тізгінінде болған 37 жастағы ер азамат қазір ауруханада. Ол - марқұмдардың күйеу баласы. Оқиға орнында болғандардың сөзіне сүйенсек, жүргізуші қарсы алдында тұрған жылқыны қараңғыда байқамай қалған. Полицияның болжамынша жүргізуші жылдамдықтың шамадан тыс асырған болуы әбден мүмкін. Батыс Европа-Батыс Қытай көлік дәлізінде жылдамдық сағатына -110 шақырым. Байқағанымыз, жол көлік апаты болған жер елді -мекеннен үш төрт шақырымдай қашық екен. Бірақ ауыл іргесіндегі үлкен тас жолда да мал өріп жүр. Ауыл азаматтары мұны жайылымның жоқтығымен байланыстырды.   

Мақсат АСАНБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жайылым жоқтығы ғой, малдың бәрі көшенің бойында жүреді. Жайылымның барлығының иесі бар. Сатып алынған, арендаға алынған. Содан кейін барып жайылым жоқ болып тұр қазіргі таңда.


Орал УӘЛИБЕКОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қырда ештеңе жоқ, соған ауыл арасында мынадай көгергенді жейді деп шығарады. Иесінен де бар ғой, қарау керек қой малдарына. +Балалар қазір қатты айдайды ғой машинаны. Дұрыс емес қой.

Ауыл азаматтары жергілікті билік бір амалын жасамаса ірілі ұсақты малдың көлік астына түсуі сиремейді ме деп қорқады. Жасыратыны жоқ, өңірдегі төрт түліктер жиі жолға шығып кетеді. Шөл даланың маң-маң басқан түйелеріне дейін асфальтқа құмар. Мына бейнежазба да күні кеше түсіріліпті.  

Айта кетейін, Түркістан облысында былтыр осы уақытта төрт түлікпен соқтығысқан бір оқиғадан екі адам қаза тапқан. Биыл бір жағдай тіркеліпті. Ал Ордабасы ауданының полицейлері жыл басынан малына ие болмаған 128 азаматқа әкімшілік хаттама толтырыпты. Төрт жағдайда қараусыз мал автокөлікке соқтығысыпты. Абырой болғанда адам аман. Жол сақшылары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ауыл азаматтарын төрт түлікке ие болуға шақырып, аудиожазба таратып жүр.

А. Төребекқызы