Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдегі 171 елді-мекенді су басу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2021
  • 2599

Ел ішіндегі 171 елді-мекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы төтенше жағдайларға жауаптылар айтты. Дегенмен аулалары мен жертөлесі суға толғандар азаймай тұр. Тіпті елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары, еріген қар суынан қауіптеніп отыр. Олар биыл қар мүлде шығарылмағанын айтты.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Иә, бүгінде Қаражар ауылын қар суы әбден әбігерге салған. Тіпті аулаға шығудан қалдық дейді. Шалшық су шаршатты деген тұрғындар, жергілікті әкімдіктен еш көмек болмай отыр деп наразы.


Еріген су, үй іргесіне жеткен. Мұндағы мың жеті жүзге тарта түтінің қазіргі кейіпі осы. Көп балалы ана Алма Нұрмаханметқызы да ертеңіне алаңдаулы. Оның айтуынша, биыл ауылда қар шығару жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарын тартып жатырмыз деді.

Алма НҰРАХМЕТҚЫЗЫ, ҚАРАЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Биыл қар шығарылмады. Осылай көлкіп тұрғанына төртінші күн. Бұл бұндай су болады деп ойлаған жоқ едік. Бір түннің ішінде осындай болып шықты. Бұны келіп әкімшілік тарапынан көріп кеткен, судың деңгейі көтерілсе келеміз, көмек береміз деген. Мінекей содан бері ешқандай көмек жоқ. Судың ортасында отырмыз.


Қараөткел ауылдық округінің әкімдігі болса, әдетте ауылда қар шығару жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Оған қазынадан қаржы қараламағандығында жасырмады. Десе де, жағдайды іле-шала реттеуге кіріскен.

Қуаныш ЖАҒЫПАРОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл төтенше жағдай жарияланған жоқ. Сол себептен қосымша ақша бөлінген жоқ. Бірақ бораннан кейін жолдар тазартылып, жүретін жағдай жасалып отырды. Біздің жаңағы заявкамен 28 адам, 10 мотопомпа, 1 пнс бізде жұмыс істеп жатыр, қазіргі таңда.


Биыл өңірлерде су тасу қаупі жоқ. Дегенмен жауын-шашын мен еріген қар суынан бірқатар аймақтарда қауіп бар. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеді.

Серік ҚОЖАНИЯЗОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

"Қазгидромет" мәліметіне сүйенсек, биыл 2015, 2017 жылдары болғандай ауқымды су тасқыны күтілмейді. Ауа райының күрт өзгеруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын жергілікті ішінара су басу қаупі бар.

Алайда төтенше жағдайға жауаптылар, мәселені бақылауда деп сендірді. Құтқарушылар жасағы да, техникада дайын деді. Қажет болса, қосымша күштер де тартпақшы.

Рустамбек ӘМРИН, ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН-АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:


Су басу қаупі аз өңірлерден қосымша резервтік топтар жасақталды. Сондай-ақ Көкшетау техникалық институтының жиынтық жасағы мен «Қазавиақұтқару» тікұшақтары дайын. Зардап шеккен халыққа палаталы лагерь орнату да жоспарланып отыр.  

Дегенмен қауіп күн өткен сайын күшейіп келеді. Көктемнің алғашқы күндері суық болуына байланысты Қарағанды, Ақмола, СҚО облыстарында қар әлі еріп бітпеген. Ал, таулы аймақтарда тасқын қаупі ұзақ сақталуы мүмкін.

Б. Сатуов