Қазақстанда коронавирус бойынша жағдай оңалар емес. Өткен тәулікте індет жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Шалдығудың ең көп дерегі Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысында анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың көктемінен бері 261 мыңнан аса науқас, COVID-19-бен ауырыпты. Эпидемиологиялық бағалау матрицасы күннен-күнге қызарып барады. 17 аймақтың сегізі "аса қауіпті" белдеуде жатыр. Ал, бүгін "сары" аймақтағы Шымкенттің қасына Қызылорда мен Павлодар облыстары қосылды. Екпенің жайы туралы да қысқаша айта кетсем. 8-сәуірдегі ақпаратқа сай вакцинаның 1 кезеңін 239 мыңнан астам, 2-шісін 87 мыңдай адам салдырған.
А. Данияр