Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жол опырылып қалды

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2021
  • 2156

Елордада тас жол опырылып түсті. Шоқан Уәлиханов және Ғұмар Қараш көшелерінің қиылысында пайда болған   шұңқырға жеңіл көліктің түсіп кеткен бейнежазбасы бүгін әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Оған әркім әртүрлі пікір білдіруде. Жердің ойылып қалуына не себеп? Кім кінәлі?  Әріптесім Бекболат Сатуов мәселенің анық-қанығын зерттеп көрді.

Тойота көлігінің алдыңғы дөңгелегі шұңқырға түсіп кеткен. Абырой болғанда жарақат алғандар жоқ.  Әлеуметтік желіде тараған  бұл бейнетаспаға желі қолданушылары "мәселе жолдың сапасыздығынан" деп шүйлікті. Алайда әкімдік: "нөсерлік кәріз коллекторы су астында қалып, тасжол опырылған" деп мәлімдеді. Оған жауапты мердігер мекеме міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Бақытжан ҚУАНЫШҰЛЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕНІ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жол төсемінің құлауы, көлденең бұрғылау әдісімен диаметрі 300 мм нөсер кәріз құбырын төсеу кезінде, мердігер ұйымның технологиялық процестерді сақтамауына байланысты орын алды. Нәтижесінде нөсерлік кәріз коллекторы су астында қалып, жол төсемінің шағын учаскесінде шұқыр пайда болды. Бұзушылыққа жол берген мердігер ұйым жауапкершілікке тартылады.

Жолдың ойылған бөлігі тез арада қоршауға алынып, жөнделді. Ал мамыр айында   толықтай қалыпқа келтіріледі.

Б. Сатуов