Қызылжарда адам жоғалу дерегі жиілеген. Аймақта өткен үш айдың ішінде 112 тұрғын жоғалыпты. Екі аптадан бері із-түссіз кеткен 22 жастағы Елизавета Матюхина іздеу жалғасуды. Бірақ нәтиже болмай тұр. Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық ерікті де ат салысуда. Бірнеше топтан құралған волонтерлар шаһардың бірнеше ауданын бастан-аяқ шарлап жүр. Ал полицейлер жаңа технологиялардың көмегіне жүгінген.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Елизавета Матюхинаның із-түссіз жоғалғанына осымен екі апта болды. Сәуірдің үші күні түс ауада үйінен шыққан 22 жасар қыз қаланың орталығы арқылы 4 шақырым жерді жаяу өтіп, артынша Косогор ауданына өткен.
Полицейлер оның жүру бағытын бейнекамералар арқылы анықтаған екен. Алайда, жер үйлерден тұратын Косогор бақылауға енбейтіндіктен, қыздың қайда бет алғаны белгісіз. Көшені тінтіп жүрген тәртіп сақшылары тіпті дронның көмегіне жүгінген.
Марат ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қыздың жоғалуы жөнінде арыз бізге сәуірдің алтысы күні түсті. Біз жедел іздестіру шараларының барысында қыздың Косогор ауданына кеткенін біліп, ондағы барлық үйлерді аралап шықтық. Одан бөлек, Саяжай қоғамдары мен Заречный кентін де қарадық. Қазір Есіл өзені арнасынан асты. Сондықтан іздеу жұмыстары қиындай түсті.
Полицейлердің хабарлауынша, Алматыда туған Елизавета бала кезінде отбасымен бірге Ресейге көшіп, сол жерде орта мектепті үздік бітірген. Кейін Қазақстанға оралыпты. Алайда ешбір жұмысқа орналаса алмаған көрінеді. Оның жақындары тілшілермен тілдесуден үзілді-кесілді бас тартты. Қазір іздеу шараларын еріктілер қолға алған. Жұмыла кіріскен белсенділер елді-мекенді шарлау барысында Есіл жағасы мен саяжай кооперативтеріне басымдық беріп отыр.
Кристина АШПЕКОВА, ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Анасының айтуынша, Елизаветаның былтыр ағасы қайтыс болды. Оның жүрегіне қатты батып, мінезі тұйық болып қалған. Ол сол күні ұрыс-керіссіз кетіп қалған. Біз қаланың барлық аудандарын аралап шықтық. Жұрт оны әр-әр жерден көргенін айтады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Еріктілер күнде негізгі жұмысынан босағаннан кейін бірден іздеуге кіріседі.
Дегенмен нәтиже болмай тұр. Соған қарамастан полицейлерде, еріктілерде іздеу жұмыстарын жалғастыратындарын айтты. Полицияның дерегінше жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 112 адам жоғалған. Оның 111-і дін аман, табылған.
А. Құрманкин