Павлодар облысының Ақсу қаласы тұрғындары, сүт фермасын көшіруді талап етуде. Айтуларынша тезек иісіне тұншығып отыр. Әсіресе желді күні далада жүру мүмкін емес деп ашынады. Әр табалдырықты тоздырып шаршаған бұқара, талаптарына құлақ асар жан таппаған. Арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Ақсуға барып қайтқан аймақтағы әріптесім тақырыпты тарқатады.
Ақсулықтар екі жылдан бері қолқаны қапқан иіспен алысып келеді. "Күн жылынса далаға шығудан қаламыз" дейді. Мәселені айтып, құзырлы орындарды жағалаған. Бірақ нәтижесіз.
Елена КРОЛЬЦОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз Дөнентаев көшесі 40-шы үйдің тұрғынымыз. Осында ұзақ жыл тұрам. Соңғы кездері мал фермасынан шығатын иіске шыдау мүмкін болмай тұр. Қазір күн салқын. Ал жаз келгенде тұншығатын түріміз бар. Сұмдық иіс. Қолқаны қабады.
Амангелді ЖҮСІПОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жел біздің жаққа келеді ғой шығыс жақтан. Қалада демалу мүмкін емес. Бала-шағаны шығара алмаймыз. Бірден үйге кіргіземіз.
Тұрғындардың айтуынша, шаруашылық санитарлық талаптарды өрескел бұзып отыр. Өйткені, сүт фермасы мен үйлердің арасын жол ғана бөліп жатыр.
Максим ВАЛЯК, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жақында ғана тағы бір үлкен баз салды. Бұл жерде ешқандай санитарлық норма сақталып жатқан жоқ. Тура қаланың ішіне қора салды. Заң бойынша ферма елді-мекеннен ең кемі 3 шақырым болу керек. Мұнда 3 шақырым тұрмақ, 300 метрге әзер жетеді.
Ақжол ЕЛТАЙ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Соңғы 1 жылдың ішінде терезе ашсаңыз болды иіс келіп тұр үйге. Балалар ойнайды есік алдында. Тоже иіс келеді қораның. Малдың иісі. өзіңіз білесіз қандай екенін. Тұншықтырады.
Жергілікті әкімдіктің өкілдері де, шаруашылықтың заңды өрескел бұзып отырғанын анықтаған. Бастапқыда кәсіпкер бұл жерге көлік қоятын автобаз салмақ болыпты. Кейін жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, тауарлы сүт фермасын ашқан. Бірақ, бұған жер комиссиясы қарсы шыққанмен, қаланың бұрынғы әкімі шаруашылықты қолдап қаулы шығарып берген.
Асқар АСТАЕВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Ақсу қаласы прокуратурасының ұсынысына сәйкес қалалық жер беру жөніндегі комиссиясының шешімімен қала әкімінің қаулысында қарама-қайшылық болып тұр. Яғни, жер беру комиссиясы қарсы шешім қабылдаған. Бірақ, оған қарамастан, қала әкімдігінің қаулысы қабылданған.
Заңды белшеден басқан сүт фермасын, әкімдік сотқа берген. Бұл іске шаһардың экс-әкімінің қатысы болғандықтан, жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де істі тергеуге алмақ.
Ажар ЖҮСІПОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Ақсу қаласы әкімі, Ақсу қаласы жер қатынастары бөлімінен «КРОН-АГРО» ЖШС-не жер учаскелерін жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арызымен сотқа жүгінді. Сәуірдің бірінде сот талап арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғады.
Ал сүт фермасының басшылығымен байланысу мүмкін болмады. Телефонға жауап бергенімен, кейін хабарласам – деп ақыры қоңырауға жауап бермеді. Аталған мәселеге байланысты алғашқы сот отырысы 26 сәуірге жоспарланған. Істің ақ, қарасын енді сот анықтамақ.
Ө. Қуанар