Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысындағы ауылдарда спирттік өнімдер сатылмайды

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2021
  • 3021

Жамбыл облысының ауылдарында енді спирттік өнімдер сатылмайды.  Қасиетті рамазан айында басталған игі істі жұрт белсене   қолдап жатыр. Тек осы ораза айында   емес, жыл он екі ай бойы ешкім ішімдік сатпайды.  Дүкен иелері алкоголь өнімдерін сату жөніндегі лицензияларын облыстық кірістер басқармасына өз еріктерімен өткізуде. Ащы судан бас тартқан ауылдарды тілшіміз аралап қайтты.

"Ішімдіксіз ауыл" жобасы   Жамбыл ауданында басталды. Шәкен Ниязбеков, Шайқорық, Танты, Қапал елдімекендеріндегі 22 дүкенде ішімдік енді мүлдем   сатылмайды. Жеке кәсіпкерлер   Рамазан айында ғана емес, алдағы уақытта да зиянды сусынды ауыл дүкендеріне әкелмейміз деп отыр. Бес ауылдағы жеті жарым мың тұрғын ішімдіктен бірауыздан бас тартқан.

Жанболат ОРАЗБАЙ, АУДАНДЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Осындай іс-шаралар әр ауылда жасалса деген ниеттеміз. Арақ сатылмасын деген акциямен бүгін шығып отырмыз. Ол тек қана ораза айында емес жыл 12 ай сатылмайтын болды.


Бұл бастама науқандық шара емес. Дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатуға арналған рұқсат құжаттарын облыстық кірістер басқармасына өткізіп жатыр. Ауыл тұрғындары салауатты өмір салтына біржола ден қоймақ.

Тұрар АХМЕТОВ, ШАЙҚОРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ИМАМЫ:

Мінеки, мынау пандемияның кезінде де күндіз-түні демалмай жұмыс істеді жастарымыз. Осы жастарымыздың бастамасы. Осы жастардың қолдауының арқасында жетістікке жетіп отырмыз. Бұған мына жаңағы сатушылар мен бастықтар келісіп, жұмысын жасады. Алла молынан берсін! Алла жақсылық берсін!


«Ішімдіксіз ауыл» атанған елдімекен тұрғындары бұл бастаманы өзге ауылдарға эстафета ретінде жолдады. Жақсы бастаманы қолдағандар оны дем де іліп алып кетіп, дүкендегі алкогольді құртамыз дегендердің қатары арта түсуде.  

Сәкен АРУБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:


Енді аудан көлемінде біз ары қарай да осы ауылды үлгі ете отырып, басқа ауылдық округтерге осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Жалпы ойлаймыз аудан деңгейінде барлық 17 округте осындай жұмыстар жүргіземіз деп.

"Бірлескен істе береке бар". Ауыл ақсақалдары енді   құқық бұзушылық пен жұмыссыздықтың азайтатынына сенімді.  Сондай-ақ, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, үй -күйсіз жүрген жандарға асарлатып баспана   салып беруге бекініп отыр.  Жамбылдықтардың бұл ісі өзгелерге үлгі боларлықтай.    

Б. Жұмабайұлы