Русский Сайттың толық нұсқасы

Қордай ауданында қазір ахуал қалай?

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2021
  • 1681

Қордайда жағдай тұрақталып келеді. Халық қалыпты өмірге оралған. "Бір жыл бұрынғы оқиға бізге үлкен сабақ болды" дейді олар.  Жаппай тәртіпсіздік  салдарынан қирап, құлаған үйлер мен нысандар жөнделіп, кейбірі қайта салынды.  400-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Бұл -бұрын-соңды болмаған жағдай. Масаншы мен Сортөбе ауылына барып, тұрғындармен тілдескен тілшіміз Әсем Лесбектің бейнематериалы.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Былтырғы тәртіпсіздіктен кейін Қордай ауданындағы жағдай біраз өзгерген. Адам шошырлық күйге түскен ауылдар қайта жаңартылыпты. Сұрықсыз ғимараттар сүріліп, орнына жаңа нысандар бой көтерген.


Масаншы ауылының тұрғыны  Абдурашид Багиев  қақтығыс кезінде  үйі мен қос көлігінен айрылған болатын.  Бір жылда оның жағдайы қалыпқа келді.   Багиевтер отбасы  жаңа баспанаға көшті.  

Абдурашид БАГИЕВ,   МАСАНШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Жанжал кезінде мына үйім мен екі жүк көлігім толығымен жанып кетті. Мемлекет пен жергілікті биліктің, қайырымды жұрттың арқасында баспанам қайта тұрғызылды. Құрылысы жарты жылдың ішінде бітті. Қазір 4 баламмен келіншегіммен осында тұрып жатырмыз.

Ал кәсіпкер Рәбия Джиндированың қақтығыс кезінде 10-ға жуық дүкені жанып кеткен.  

Рәбия ДЖИНДИРОВА,  МАСАНШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғашында бәріміз абдырап қалдық. Мен жұмысымды неден бастарымды білмедім. 10 дүкенім толығымен жанып кетті. 20-млн теңгеден астам шығынға баттым. Мемлекет пен жергілікті биліктің арқасында барлығын жаңарттық.


Ауылдағы өзгеріс көзге көрініп тұр. Көше адамға толы, жайбарақат тіршілік. Әлеуметтік нысандардың  жұмысы   жанданған. Жаңа аллея, демалыс саябақтары мен балалардың ойын алаңдары  салынған. Үш мектеп пайдалануға берілді. Инфрақұрылым жаңартылды.

Дидир ДВУМАРОВ,  МАСАНШЫ АУЫЛДЫҚ  АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауылымыздың өзгеріп жатқаны бізді қуантады. Қаладан еш айырмашылығымыз жоқ. Тіршілігіміз жандануда. Жаңа спорт алаңдары салынды. Саябақтар көркейді. 500 орындық мектептің де құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы әрбір үйге ауыз су мен газ қосылды.

Ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуі, жастарды әскерге жіберу мәселелері де  біртіндеп шешімін тауып жатыр.  

Арафат МАБОР,  ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әскерде болу ұнады. Тәртіпке бағынуды үйрендім Қасымдағы қазақ, әзербайжан, орыс, ұйғыр, орыс достарым маған қолдау көрсетті. Ондай жағдай қайталанбас үшін барлық ұлт өкілдері бір-бірімізді сыйлап, құрметтей білуіміз керек,

Аудан әкімінің айтуынша, төтенше жағдай кезінде зақым  келген 41 тұрғын үй мен 13 коммерциялық нысан қайта салынған.
Баспанасыз қалған  тұрғындарға 530 мың теңгеден қаржылай көмек   көрсетілген.  Енді тек жарамсыз боп қалған 62 автокөліктің шығыны  соттан кейін белгілі болады.
 
Рүстем ДӘУЛЕТ, ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Президентіміздің тапсырмасына сейкес, ҚР Үкіметі үлкен қолдау жасады. Облыс әкімдігі қолдау жасады. Былтыр ауданымызға 392 жобаға 35 млрд-қа жуық қаражат бөлінді. Аз ғана зақымдалған 103 нысан, сол демеушілердің көмегіменен қалпына келтірілді. Сондай-ақ 54 нысан оның ішінде 41 тұрғын үй, 13 коммерциялық нысан. оған 213 млн теңге қаражат арнайы қорлардан бөлінді.  

Қазір Масаншы тұрғындары көктемгі егіс жұмыстарымен айналысуда. Халық" бірлік бар жерде тірлік болатынын" түсінген.

Ә. Лесбек