Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жасөспірімдер сотталып кетті

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2021
  • 3987

Шымкентте, жасөспірімдер арасында адам өлімімен аяқталған төбелеске, нүкте қойылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, алты сотталушыға жаза кесті. Олар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан іс әрекет бойынша айыпты деп танылды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

17 жастағы өрімдей жастың өмірін қиған төбелеске қатысқандар, көршілес екі мектептің ұлдары. Барлығы Маятас тұрғын алабында тай құлындай тебісіп өскен қатарластар. Айта кетейін, сотқа тарлығанда сотталғандардың төртеуі мектепте, екеуі колледжде оқып жүріпті.

Сотталушылар үкімді онлайн тыңдады. Ең азы алты жылға сотталды. Жәбірленуші тарап оған моральдық- материалдық шығынды өтегені үшін кешірім беріпті. Ал төртеуі 6 жыл 8 айдан арқалады. Ең көп жаза 8 жыл болды. Сот төрағасы істі қарау барысында сотқа тартылғандардың кәмелет жасына толмағандығы ескеріліп, жаза мөлшері азайтылғанын дәйек қылды. Десе де сотталушылар кінәларын толық мойындай қоймапты.

Дәурен САЙХАНОВ, ШЫМКЕНТ қ. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бір сотталушы 106 баптың 3 бөлігін толығымен мойындады, кешірім алған соталушы. Ал қалған бесеуі 106 баптың 3- бөлігін мойындаған жоқ, «қатысымыз жоқ»- деп жауап берген сот тергеуінде.+.бес сотталушы мойындамаған сотталушылар бұл 293 баптың 2-ші бөлігін толығымен мойындады. 106 ны мойындаған жоқ олар.

Еске салайын, марқұм Абзал Өткіровтың өмірін қиған қанды оқиға былтыр мамырдың 22-нен 23-не қараған түні Маятас ауылының тұсында болған. Басынан қатты зат тиген ол он күндей ауруханада жатып, ес жимастан көз жұмды. Сол төбелесте Абзалмен бірге жарақат алған екі досы сол күні көрші ауылдың балалар сөйлесуге шақырғанын айтқан. Куәгерлер үш адамға жиырмаға тарта жігіттің жабылғанын айтқан еді. Сотқа алтауы тартылды. Алайда берілген жазаны марқұмның бауыры тым жеңіл деп отыр. Үкіммен сотталғандардың туыстары келіскісі жоқ.

АТА-АНА:

Біздің покозаниелерді жоқ қып жіберген ғой, жоқ қылып жіберген Абылай Ақтөре деген. Әскер Алихан, Әскер Қалихан құтылып кетті. Солар бастаған төбелесті.  
 
АТА-АНА:

Бұл жерде ешқандай әділетті деп ойламаймын мына сот. Себебі тергеу жасаған уақытта да тергеушілер өте қателік жіберген. Оны сот барысында көп нәрсе айтылды. Бірақ ол шықпады, почему то судья оны елемеді.


АТА-АНА:
 

Үш баланың төбелесінің ішінде ол бала өліп отыр. Біздің балалардың қатысы ЖОҚ. Кінәсіз. Өйткені Әскер Әлихан, Қалихан барып ақша беріп бұлардың бәрін жапты. Біз дәл сондай ақша беріп шығарып алуға мүмкіндігіміз жоқ, шыны керек. Біздің балаларымыз кінәсіз. Әлі біз аппеляцияға береміз. Бұнымен келіспейміз біз. Тоқтамаймыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, бұл істе қос мектептің басшылары мен жергілікті полиция өкілдерінің мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Сот оларға шара қолдану туралы қаулы шығарды. Төраға Дәурен Сайханов жасөспірімдер арасындағы кикілжіңді дер кезінде анықтап, алдын алғанда мұндай қайғылы жағдаймен аяқталмас еді дегенді қосты.

А. Төребекқызы