Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында нәрестелер өлімі 2,5 пайызға артты

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2017
  • 3562

Атырау өңірінде нәрестелер өлімі артты. Жыл басынан бері 69 сәби шетінеген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2 жарым пайызға жоғары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар осылай деп отыр. Керісінше, аналар өлімі азайған. Мамандар, сәбилердің шетінеуіне нәрестелердің шала туылуы мен жүкті әйелдердің дер кезінде есепке алынбауы себеп, дейді. Аналар денсаулығының әлсіздігінен балалар шала туылатын көрінеді. Перзентханаларда білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды күрделендіріп отырса керек.

Асқар Кенжеғалиев, Атырау облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары: 

Бұл жүктілік кезіндегі гипертензиялық жағдай деп аталады. Ол ұрық пен ананың жағдайына әсер етеді. Жүрек-тамыр жүйесі, өкпедегі, бүйректегі патологиялар мен басқа да инфекцияларды қоздырады. Әйелдер уақытынан бұрын босанады. Бұған түрлі инфекциялар түрткі болады.

Денсаулық сақтау басқармасы нәрестелер өлімін болдырмас үшін арнайы жоспар әзірлеп жатыр. Енді медициналық мекемелердің басшылары аттестациядан өтеді. Өңірге тәжірибелі мамандар тарту қарастырылған. Қазіргі таңда мейірбикелер үй-үйді аралап, жүкті әйелдер тізімін жасап жатыр.

Мәншүк Аймұрзиева, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Күн сайын есепке алынбаған жүкті әйелдерді анықтау үшін жүргізілген шара туралы медициналық мекеме басшылары есеп береді. Осылайша, алдағы жылға туу есебін жасап, дер кезінде медициналық көмек көрсету көзделген. Және аяғы ауыр әйелдің денсаулығы мен баланың жағдайын бағалап, бақылайтын боламыз.