Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда мектептерінде бет-әлпетті сканерлейтін қондырғылар орнатылмақ

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2021
  • 2177

Мектеп ғимаратына бөгде адамдар кіре алмайды.  Елордадағы бірнеше білім ошағына ақылды турникет орнатылды.  Білім ошағының кіре берісіне орнатылған жаңа қондырғы келушінің бетпердесі бар-жоғын анықтап, дене қызуын өлшейді.  Жобаның басқа тағы  қандай ерекшеліктері бар? Тілшіміз Ғалымжан Өтемісов айтады.

Стартап-жоба негізінде дайындалған  жүйе екі айдан бері  сынақтан өтіп жатыр. Температураны өлшейтін адам керек емес, кірген-шыққандарды жазып, тіркеумен де ешкім айналыспайды. Бір ғана қондырғы бінеше  функцияны өзі  атқарады.  
Жоба авторлары бұл дәл қазіргі сәтте өте маңызды дейді. Әлеуметтік қашықтықты сақтауға ықпал етеді.     

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Құрылғының ерекшелігі оқушының дене қызуы мен қауіпсіздік масканың бар-жоғын бірден анықтайды. Егер мен сияқты базаға тіркелмеген болсаңыз, мектепке кіре алмайсыз. Бұдан бөлек оқушының қай уақытта келіп, қашан кеткені де толық қадағаланады.

Бұл ІТ-жүйе пандемия кезінде ғана қолданылады деген сөз емес. Қалыпты өмірге оралғаннан кейін де  қондырғы арқылы мектептегі қауіпсіздікті   қадағалауға мүмкіндік бар. Мұғалімдердің, оқушылардың ғимаратқа кіріп-шығу уақытын көруге болады. "Яғни,  мектеп әкімшілігі ғана емес, ата-аналар да арнайы қосымшаға тіркеліп,   жағдайды бақылай алады" дейді жоба авторлары.
    
Әділет НҰРҒОЖИН, «ASTANA INNAVATIONS» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі мектептерде қолданылатын карталар жоғалып қалуы немесе, бір жерде қалып қоюы ықтимал. Ал  Clokster жүйесі ешқандай картаны керек етпейді. Тек базада ақпарат болса болғаны. Деректердің сақталуын компания өз жауапкершілігіне алады.

Бірақ ата-аналар  балалардың жеке деректері қаншалықты құпия сақталатынынан қауіптенеді.

Алма ЖҰМАБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. №59 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жобамен барлық ата-аналар келісе бермейді. Ата-аналарда бірінші кезекте баланың деректерін, баланың фотосуреттерін сақтау туралы мәселе қызықтырды. Дегенмен, келісіп қолдайтындар да көп. Сондықтан барлығын уақыт көрсетеді. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
 
Бұл- әзірге пилоттық жоба.  Нәтижесі бір айдан кейін белгілі болады. Жобаны  кеңірек тарату үшін алдымен оның тиімділігі дәлелденуі керек.    

Ғ. Өтемісов