Атырауда жантүршігерлік қылмыс болды. Қатыгез ана өзінің бауыр ет баласын бірнеше жерден пышақтап, өлтірді.
Жаға ұстатар жағдай Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылында болған. 42 жастағы келіншек 4 айлық сәбиіне асхана пышағын бір емес, бірнеше рет сұққан. Әйелдің жалғыз перзентіне мұндай қатыгездік танытуының себебі әзірге белгісіз. Күйеуі бұл кезде үйде болмаған, шаруалармен аудан орталығына кеткен. Қазір бұған қатысты "қасақана жас баланы өлтіру" бабымен іс қозғалып, жауыз әйел қамауға алынды. Ал ауыл әкімдігінің айтуынша, ата-анасы баланы жергілікті емханаға тіркетпеген, медициналық көмекке жүгінбеген.
Гүлбаршын БАЖЕНОВА, КӨПТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Атыраудың тұрғыны негізі, осы жаққа келін болып түсіп, мында пропискаға отырды. Жұмыссыз, үйде отырған кісі. Басқа балалары жоқ, осы тек бірінші балалары. Кішкентайын бізге учетқа тіркетпеген екен. Прививканы бізден алмаған. Атыраудан алған. Бізге медициналық көмекке жүгінбеген ешқандай да.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылындағы 4 айлық нәрестенің өліміне қатысты қазіргі таңда ҚК 99 бабы 3 бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде. Осы іске күдікті 1979 жылғы туған анасы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл -өңірдегі бірінші жағдай емес. Дәл осыған ұқсас оқиға бірнеше ай бұрын Сағыз ауылында да болған. 35 жастағы келіншек үйінде босанып, жаңа туған баласын қоқысқа лақтыра салған еді. Шақалақтың өлі денесін полицейлер 100 метр жерден тапқан болатын. Безбүйрек әйелдің ісін қазір сот қарап жатыр.
Б. Надірқызы