Алматыда жағармай құю бекетінің құдығына түскен үш адам уланып қалды. Олар есептегіш құралдан мәлімет алмақшы болған. Алайда, құдық ішіне түсе сала, иіс тиіп, естен танып құлаған. Оқиға орнына құтқарушылар шақырылып, азаматтар ауруханаға жеткізілді. Алайда, дәрігерлер жәбірленушілердің жағдайы ауыр деп отыр. Толығырақ Бекболат Сатуов айтады.
Руслан ҚАСЫБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
Құтқаруға жедел жәрдеммен құтқару жасағы жұмылдырылды. Жәбірленушілерге құтқару барысында тыныс алу жабдықтары мен көмек көрсетілді. Олар белгісіз газбен уланған.
Қазір үшеуі де азаматтар жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер науқастардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Көмірсутегімен уланған.
Майра ӘЛІМБЕТОВА, АЛМАТЫ КӨПСАЛАЛЫ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА БАСШЫСНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Метан газы тыныс алу жүйесінің, мидың, бауырдың және бүйректің жұмысына әсер етеді. Ол тыныс алу жолдары арқылы қанға түседі. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы ауыр.
Жанар жағармай бекетінің басшылығы оқиғаға қатысты түсінік беруден бас тартты. Ал, полиция бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСПИ ӨКІЛІ:
Аталған факт Медеу аудандық полиция департаментінде аумақтық құрамы бойынша тіркелген. Іс материалдары мемлекеттік еңбек және көші-қон инспекциясына жіберілді. Ішкі істер органдары оларды тексеру қызметінің нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылдайды.
Газбен улану дерегі Алматы облысында алғаш тіркеліп отырған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын да медициналық мекеменің үш қызметкері кәріз құдығындағы тазалау жұмыстары кезінде уланып қалған еді.
Б. Сатуов