Русский Сайттың толық нұсқасы

Банк қызметкеріне алданған оралдық ерлі-зайыптылар тақырға отырды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2021
  • 3446

Оралдық   ерлі-зайыпты Ғұсмановтар  банк қызметкеріне алданып, тақырға отырды. Олардың айтуынша, менеджер несиені арзан пайызбен рәсімдеуге уәде еткен. Бірақ сөзінде тұрмай, несиені жоғары пайызбен беріп, қарызға батырыпты.   Аяқ астынан банкке қарыз боп шыға келген ерлі-зайыптылар енді сот жағалап жүр.   Мәселенің мән-жайын тілшіміз Еркін Карин зерттеп көрді.

Өтежан Ғұсманов үй салу үшін банктен алған 15 миллион теңге несиесін басқа бір банк арқылы бір жылдан кейін қайта қаржыландырады. Банк қызметкеріне сол кезде алдандым дейді ол.  Менеджердің үгіттеуімен, банктен алатын 22 миллион 950 мың теңге несиені төлей алатынын дәлелдеу үшін салынған екі үйін 37 миллион теңгеге бағалап, кепілге қояды. Бірақ банк менеджері айласын асырып, осы ақшаның жартысын қалтасына басқан.

Өтежан ҒҰСМАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Банк қызметкері бізге несиені 12% пайызбен рәсімдеймін деген. Кейін онысы өтірік болып шығып, несиені 17% бергенін  білдік. Ол  аздай, әйеліме алдап қол қойғызып, 13 миллион теңгемізді иеленіп кетті. Негізі мұндай соманы бес минутта кассадан алып, санап шығу мүмкін емес. Бір қызығы, кассирдің өзі: «Түбіртектегі менің қолым емес»,- деп мойындамады. Яғни, банктің қызметкерлері бір-бірімен сыбайлас екенін аңғару қиын емес.

Аңғалдықтың кесірінен ерлі-зайыптылар ойламаған жерден банкке 24 миллион теңге қарыз боп қалды.  Және өкініштісі, олар алданғанын төрт жылдан кейін ғана білген. Несиені рәсімдеген банк менеджері болса іле-шала Америкаға көшіп кеткен. Ал Ғұсмановтардың  баспанасы банкте кепілде тұр. Егер банк үйді тартып алса, олар бала-шағамен далада қалуы мүмкін.

Павел КОЧЕТКОВ, «АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ» ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРОСЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ  ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жерде алаяқтық жасалуы мүмкін деген күдігім бар. Сондықтан құқық қорғау органдары немесе  сот   тергеу амалдарын қайтадан жүргізіп, болған жайды анықтауы керек. Егер қылмыс жасалғаны анықталса, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс.

Әділдік іздеген зейнеткерлер   Президентке де, Бас прокуратураға да  шағымданған. Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр. Олардың үйі мен көлігі- бұғатта.  Ал,облыстық прокуратура банк ісіне араласа алмайтынын  айтып, Ұлттық банккке жүгінуге кеңес берді.


БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ:

Азаматша Зәуреш Ғұсманованың «ЦентрКредитбанк» қызметкерлеріне қатысты арызын тексере келе қылмыстық құрам жоғы анықталды. Өйткені тергеу материалдарына сай, банктік операциялардың бәрін Азаматша Ғұсманованың өзі жасағаны анықталды. Сондықтан бұл іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелген жоқ. Полиция да осындай шешім қабылдады.
Банк   те  несие құжаттарын көрсетпей отыр дейді қариялар. Шындық іздеп шырылдап,  әр мекеменің есігін қағып, әбден амалы таусылған  ерлі-зайыптылар құзырлы органдардан  істі қайта қарауды  сұрайды.


Е. Карин