Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағада сатылды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2021
  • 1644

Атырауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Азық-түлік өнімдер арзан бағада сатылды. Жергілікті атқамінерлер мұндай жәрмеңкені енді әр сенбі өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені қолжетімді баға көпшіліктің көңілінен шықты.

«Аламан» базарының жұмысы таңсәріден бастап қызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан түрі самсап тұр.  Бақша өнімдерінен бастап, ет, сүт, балық, жұмыртқа да осында. Басқа базарларға қарағанда едәуір арзан. Картоптың келісі 160, пияз 100, сиыр еті 1700, жылқы еті 2200 теңгеден сатылды. Жұмыртқа 35-40 теңге аралығында саудаланды.  

Ерлан ЖӨНЕРБАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір біз сәбіз алдық. Жуа алдық. Арзан.Арзан.

Кәмшат МЕҢДЕШОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Мына жерде рахат далада кең, күшті бәрі бағасы да арзан. Балық та арзан, ет арзан 1600-ге ет алдым күшті. Жұмыртқа да арзан.

Жергілікті атқамінерлер наурыз айынан бастап әр сенбі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді қолға алған. Осылайша бүйірден қысқан қымбатшылықпен күреспек. Әрі табиғи таза өнімнің делдардың қолына түспей, халыққа тікелей жетуіне жағдай жасап отыр. Бұл жолы жәрмеңкеге Қызылқоға ауданы мен Атырау қаласы шаруаларының өнімдері қойылды.

Әділет ШАЙМАРДАНОВ, ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

 
2 тоннаға жуық ет өнімдері және сүт өнімдері, оның ішінде қымыз, шұбат, айран,сүзбе, қаймақ сияқты сүт өнімдерін әкелдік. +Жәрмеңке таңғы сағат 8-ден басталды. 1-2 сағат ішінде біз әкелген ет өнімдеріміз түгелге жуық өтіп кетті. Халыққа қол жетімді бағада болғандықтан сұраныс болып өнімдеріміз тез өтіп кетті.

Руслан ДӘУЛЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Бүгіннен бастап  жәрмеңке уақыты кешкі беске дейін созып отырмыз. Жәрмеңкеге 44 кәсіпкер қатысып отыр.  Азық-түлік бағасы базар бағасынан төмен.

Жәрмеңкеде 4 тонна ет, осынша балық, 5 тонна картоп, 400 литр сүт пен 60 мың жұмыртқа сатылды. Айта кетейік, санитарлық талапқа аса мән берілген. Жәрмеңке аумағы толығымен қоршалып, адамдар арасында ара-қашықтық сақталуы жіті қадағаланды.

 Б. Нәдірқызы