Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2021
  • 1788

Атырауда Жеңістің 76-ыншы көктемін қарсы алған майдангерлерге құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы бастаған думанды топ, қариялардың үйлеріне барып, құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Майденгер қарттарға бір миллион теңгеден, ал 45 тыл ардагеріне 100 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетілді.

Қан майданда барлаушы ұшқыш болған қарт майдангер Айдын Айбаровты құттықтауға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы келді. Үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындап, әскери-патриоттық клуб мүшелері би билеп, қарияның ауласын мерекеге айналдырды. Дәл осындай құрмет екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагер тұтқыны болған Екатерина Абсатыроваға да көрсетілді.

Екатерина АБСАТЫРОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Көңіл күйім өте жақсы. Осынша құрмет көрсетіп жатыр. Толқып, көзіме жас келді. Бәріне алғысым шексіз, өте ризамын. Денсаулығым жақсы. Қарттық қой, 90 жастамын.

Дәл осындай ән-думан қарт майдангер Закария Сұлтановтың шаңырағында шаттыққа бөледі. Ақсақал 18 жасында сұрапыл соғыстың дәл ортасына аттанып, Белорусия майданында екі рет жарақат алған.

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ,  АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өзіңіз білесіз пандемияға байланысты үлкен шаралар ұйымдастырмай жатыр. Келесі жылға қалдырып жатыр. Соның өзінде мереке болған соң, Ұлы Жеңіс күн болғасын Сізге келіп, амандасып, құтықтайын деп келіп жатырмыз. Алғысымызды айтып, денсаулық тілейік деп келіп жатырмыз, аға.

Әскерилер ардагердің алдында салтанатпен сап түзеп,  жүріп өтті. Майдангер әлі де тың. Құттықтап келгендерге нағыз жауынгерше құрмет көрсетіп, жарты сағат бойы тік тұрды.

Закария СҰЛТАНОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Соғыстағы ардагерлер көп емес қой қазір. Осында тек екі-ақ адам қалдық қой. Көп рахмет. Үлкен құрмет қой. Асыл азаматтар , сендер аман болыңдар. Дендерің сау болсын. Өсіп келіп жатқан  жастарымыз ондай өмірді көрмесін.  Еліміз тыныш, халқымыз аман , бақытты өмір сүруге алла тағала  нәсіп етсін.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Атыраудан 70 мыңға жуық жауынгер аттанған. Оның 13 мыңнан астамы қайта  оралмапты. Қазір өңірде көзі тірі осы үш майдангер ғана қалған. Онан өзге жеңісті жақындатуға үлес қосқан 45 тыл еңбеккері мен оларға теңестірілген 2000-ға жуық тұрғын бар.

Б.Нәдірқызы