Русский Сайттың толық нұсқасы

Каспий жағалауындағы алып кемедегі мұнай қалдықтарын залалсыздандыру қазанда басталады

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2017
  • 4183

Қауіпті қалдық тиелген танкерді заласыздандыруға шамамен бір ай уақыт керек. Алайда, алып кеме «Араксті» мұнайдан арылтуға қай компанияның кірісетіндігі әзірге белгісіз. Оны анықтау үшін Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тамыз айында байқау жариялаған. Кәсіпорындардың өтінімі қыркүйектің сегізі күні қаралмақ.

Мұнай қалдықтарын залалсыздандыруға 39 миллион 200 мың теңге бөлініп отыр. Бұл сомма - жергілікті компанияның есебі. Облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаражат табиғи ресурстар басқармасының есеп-шотына аударылды. Мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес, байқау 45 күнге созылады. Ал, залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталған соң, алып кеме теңіз айлағына жеткізіледі. Жергілікті әкімдік әзірге мұнай тасымалдаушы танкермен не істейтінін білмейді. Бұл түйткілді кейінірек шешеміз деп отыр.

Есенқос Әділбаев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Біздің басқарма конкурс хабарландыру берілді, мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес 17-ші тамызда конкурс хабарланды. Соның ережесіне сәйкес 45 күн өтуі тиіс. 8-ші қыркүйекте қанша мекеме түскені анықталатын болады, іріктеу жүргізіледі.  Қараймыз. Содан кейін осы қазан айының басында келісімшартқа отырып, жұмысты бастаймыз.

Еске салайық, 1 мың тоннаға жуық мұнай өнімдері тиелген «Аракс» атты кеменің теңіз жағалауында тұрғанына біраз уақыт болды. Мұнай тасымалдаушы былтыр қараша айында қайраңдап қалған еді. Сол тұста Қазақстан тарабы ресейлік әріптестерімен хабарласып, алып кемені тез арада әкетуді талап еткен. Алайда оның иесі «Транс -Каспий» компаниясы банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан көрінеді.