Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық 10 мектеп жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтамағаны үшін құрылыс компанияларын сотқа берді

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2017
  • 4142

Қарағандылық 10 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмай қалды. Сондықтан құрылыс компанияларын сотқа берді. Мердігер ұйымдар қосымша медициналық кабинеттерді ретке келтіруге уағдаласқан. Бірақ әлі күнге дейін уәдесін орындамай отыр. Білім ордасы басшыларының айтуынша, құрылысшыларда жұмыс күші мен техника жетіспейді. Тараптардың дауын тілшіміз тыңдап қайтты.

Қыркүйектің бесі болса-дағы, №78 орта мектептің медициналық кабинеті әлі дайын емес. Бұл жағдай директор Александр Мяленконы алаңдатып отыр. Айтуынша, тендер шілденің соңында өткен. Оның талабы бойынша мердігер аталған жұмысты тамыздың ортасына дейін өз қаржысына бітіруге міндеттелген. Шаруа аяқталып, комиссия қабылдаған соң, бюджеттен қаржысын алуы тиіс болатын.

Александр Мяленко, Қарағанды қаласы №78 орта мектеп директоры:

Мердігерлер шартты орындау мерзімі аяқталуға 3 күн қалғанда келді. Қабырғаны құлатты. Басқа нысандағы жұмысқа байланысты қазір жұмысшылар мен техника жоқ деді. Фирманың директоры өзі келді. Көзімен көріп, аталған сомаға белгіленген уақытқа дейін жұмысты орындауға мүмкіндік жоқ деп, кешірім сұрады.

Аталған фирма бірден бірнеше мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізуге тендерді ұтып алған. Бірақ ешбірінде шаруа аяқталмаған. Дәл осындай жағдайға тап болған №15 мектептің директоры медициналық кабинетке бөлінген жарты млн теңгеге сапалы жөндеу жүргізуге болар еді деген пікірде.

Арман Бақтыбаев, Қарағанды қаласы №15 орта мектеп директоры:

Фирмаларға қатаң талап қойылу керек. Бұл ең алдымен еңбек өтілі. Одан кейін өндірістің болуы. Қазір бәрі оп-оңай. Бір шабаданы мен әрлеуші, сантехниканы орналастырушы сынды бір адамын әкеледі. Бірақ, бұл жұмыстар санитарлық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Мұны арнайы мамандар жасауы керек деп есептеймін.

Индира Құспаева, Қарағанды облыстық ауданаралық экономикалық соттың баспасөз хатшысы:

Шағымданушылар шарт талаптары толық көлемде орындалмағанын айтып, сотқа жүгінді. Олар бұл компанияларды мемлекеттік тапсырысқа жосықсыз қатысушылар деп тануды сұрайды. «Алаш прогрессив Технолоджи» компаниясы мен Қарағанды облысы аумағынан тыс жерде орналасқан тағы екі компания жауапқа тартылмақ.

Құрылыс компаниясы кінәсін мойындап отыр. Олардың сөзінше, бұл істе жұмысты орындау үшін жалданған қосалқы мердігерлер сан соқтырған. Төлемді дер кезінде жүргізу үшін несие рәсімдегенін айтады.

Дамир Құлкенбаев, «Алаш прогрессив технолоджи» ЖШС заңгері:

Біз бұл іспен айналысатын қосалқы мердігерлерді анықтаймыз. Қазірде шартқа қол қойған орындаушылар мен басшылық іздестіріліп жатыр. Белгілі болғандай, бұл фирмалар шарттасқан кезде жабылып қалған. Жұмыстар осы аптаның соңына дейін аяқталады. 

Жөндеу жұмыстарына қатысты сот енді басталады. Бұған қоса өңірде кезекті дау шықты. Кеншілер шаһары мен облыс аумағында салынуы тиіс үш мектептің құрылысы белгісіз жағдайда. Тендер барысында аймақта білікті құрылыс компаниясының тапшылығы сезілген. Сөйтіп, бюджеттің 1 млрд теңгесін игермей қалу қаупі бар. Облыс әкімі тиісті органдарға мәселені жуық арада шешуді тапсырды.