Русский Сайттың толық нұсқасы

Мешіттерде бүгін Ораза айт намазы жамағатпен бірге оқылды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2021
  • 2511

Бүгін барлық мешіттерде Ораза айт намазы жамағатпен бірге оқылды. Келушілер мешіт ішінде емес, ауласында ара қашықтықты сақтай отырып, жайнамаздарын жайды. Айтып өтейік былтыр коронавирус өршіп, айт намазын халық үйдлерін де оқыған болатын. Таңмен таласа, көпшілікпен бірге айт намазына барған әріптесім Әлішер Өмірзақ,  биылғы шараның ерекшелігін айтып берсін.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Биыл Ораза айт намазының мешіт ауласында оқылуына рұқсат етілді. Бірақ қауіпсіздік шараларын сақтай отырып. Көріп тұрғандарыңыздай келушілердің арасында тиісті арақашықтық сақталған және маска таққан. Тағы бір көзге түсерлік дүние - балиғат жасына толмаған балалардың болмауы. ҚМДБ қауіпсіздік мақсатында балаларды алып келмеу туралы айтқан еді.

Ораза Айт намазын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оқыды. Құлшылық басталғанға дейін қысқа уағыз айтып, елдің амандығын тілеп, дұға етті.

Айт намазына келгендердің қарасы қалың. Қауіпсіздік пен тәртіпті полицейлермен бірге діни басқарма өкілдері де қадағалады. Имамдар Ораза айттың маңызын жан-жақты түсіндірді. Бұл күні амандық сұрасып, бір-біріне көтеріңді көңіл күй мен қуаныш сыйлау, сыйлық жасауға асығу қажет екенін айтты. Бірақ кеселдің қаупі сейілмегендіктен қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:


Қасиетті Құранда айтады: адам баласын Алла әртүрлі сынақпен сынайды дейді. Ол аштықпен, қорқынышпен, жан алумен,  малдың азаюуымен. Былтырғы әлемдегі жағдайды білесіздер, үлкен індет сынағы келді. Айт намазы, жұма намазы, жамағат намазы оқылмай қалды. Бірақ түсіністік танытқан мұсылмандар сабыр етті, соның арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз, Аллаға шүкір, тәуба.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, халықты қасиетті мейраммен құттықтады. Ол мұсылман үшін айрықша маңызды Ораза айт рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын мейрам деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді. Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады. Әр шаңырақ шуаққа бөленіп, қуанышқа кенелсін!

Ораза айт дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған. Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күнінен бастап өтеуге болады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Дін өкілдері бұл күні ренжісіп қалған дос-жаран, туыстарыңыз болса кешірім сұрап, қайта табысуға шақырады және көптеп жақсылық жасаңыздар дейді. Ораза айт құтты болсын!

Ә. Өмірзақ