Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жеңілдетілген несие беру қажет - «Nur Otan»

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2021
  • 1878

Елде 562 мыңға жуық отбасы баспанаға мұқтаж. Олардың тең жартысының күнкөріс деңгейі төмен. «Nur Otan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі кеңес, бастапқы жарнаны өзгерту тетіктерін талқылады. Жиналғандар көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдетілген ипотека беруді ұсынды. Әлеуметтік осал отбасылар үшін тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жылына шамамен 10 мың пәтерді құрайды, мұндай жағдайда проблема тек 20 жылдан кейін ғана шешіледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев халықты баспанамен қамту үшін инвистицияны көптеп тартуға күш жұмылдырылғанын атап өтті.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қаражатты әкімдіктер салатын үйлердің құрылысына емес, жеке инвестицияларды тарту үшін коммерциялық компанияларды субсидиялауға бағыттады. Жыл сайын 37 мың пәтер тапсырамыз және 5 жыл ішінде барлық аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға қарай 1 млн отбасы үшін 103 млн шаршы метр тұрғын үй беру міндеті тұр. Оның ішінде 284 мың көпбалалы және кедейлік шегіндегі отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім балалар бар. Осыны алға тартқан кеңес мүшелері, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Ирина СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету баяу жүріп жатыр, сондықтан жыл өткен сайын кезек көбеймесе азаймай тұр. Мысалы, өткен жылы кезек 23%-ға ұлғайса, ал тұрғын үй алғандар саны 3%-ға азайды. Мұндай қарқынмен, кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін ғана баспана алады. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үй қорын ұлғайту қажет.


Ғ. Өтемісов