Русский Сайттың толық нұсқасы

Вакцинаның екі компоненті арасындағы интервал жұрттың наразылығын тудырды

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2021
  • 2044

Вакцинаның екі компоненті арасындағы интервал тағы өзгерді. Осы мәселеге қатысты, Денсаулық сақтау министрі Мәжіліс төрағасынанда сөз естіген болатын. Сондай-ақ елде екпе қоры азайды, отандық препарат кейбір өңірлерде таусыла бастаған.   Денсаулық сақтау министр бүгін Үкіметте есеп берді. Әріптесім Асылбек Данияр, тақырыпты тарқатады.

Елордалық Талап Хасеновтің, Бас санитар дәрігерге өкпесі қара қазандай. Екпенің алғашқы компонентін салдырған. Содан бері басы қатып жүр. Айтуынша, екпенің екінші дозасын алу үшін онға жуық СМС хабарлама келген.

Талап ХАСЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Вакцина салдырғаныма 21 күн болды. Маған неше түрлі СМС келді. Біріншісі 10 маусымда, одан кейін 21 маусымда деп тағы біреу келді. Ал, бүгін 18 мамыр деп шақырды. Мен Бас санитар дәрігердің ісін түсіне алар емеспін. Егер вакциналауға дайын болмасаңыздар, үгіттеудің қажеті жоқ. Әбден басты қатырдыңыздар.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның проблемасы толастар емес. Қос компоненттің арасындағы уақыт шынымен мың құбылды. Бұл мәселе тек ресейлік екпеге қатысты. Бастапқыда 21 күн, сосын 1 жарым ай, әрі қарай 3 айға дейін созды. Енді тағы мынадай өзгеріс енді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сай бірінші дозаны қабылдағаннан кейінгі 21 күннен 90 күнге дейінгі мерзімге түзетулер енгізілді. "Sputnik V" вакцинасының екінші компонентімен вакциналау үшін 1-ші дозадан кейін 21 күн өту керек.


Қош, бұл мәселе бір жақты шешілген сияқты. Ендігі проблема отандық вакцинаның қоры. Ел бойынша отандық препараттың 1-ші компоненті таусылған. Министрліктің дерегінше "QazVac-тың" 26 мың, "Hayat Vax-тың" 712 мыңнан астам, ал "Sputnik V-дің" жарты миллион дозасы бар. Алексей Цой вакцина тапшылығы тумайды деп сендірді.

Сәуірдің аяғында қолданыла бастаған "Ashyq" қосымшасы да, қазір жемісін бере бастапты. Жоба аясында  коронавирус жұқтырған 1900-ге таяу науқас пен олармен байланыста болған 1400-дей адам анықталған.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл статистика - арамызда жауапсыз азаматтардың барын көрсетеді. Өкініштісі індет жұқтыра тұра үйдегі оқшаулау режимін сақтамайды. Адамдар көп жиналатын орындарға барады. Тіпті, дерті бар адамдар ел ішін еркін кезіп жүр. Ол ұшақтағы жолаушылар мен туыстарына инфекцияны таратуда. Осының жол кесу үшін, "Ашық" қосымшасымен жұмыс істеу жалғасады.

Бір қуанарлығы эпидемиологиялық жағдайда оң тенденциясы байқалады. Соңғы 2 аптада, ауру 20%-ке төмендепті. Ауруханалардағы жүктеме де азайған. Айта кету керек, Қазақстан әлем бойынша жағдайды бағалау матрицасының "сары" аймағында тұр. Ал ел ішінде 6 облыс - қауіпті "Қызыл" белдеуде орналасқан.

А. Данияр