Русский Сайттың толық нұсқасы

Пандемияға қатысты есте қаларлық сәттер көп

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2021
  • 1538

Өмірімізге кенеттен кірген коронавирустың машақатымен алысып жүргенімізге 1 жылдан асты.   Экономикамыз әлсіреп, өзге елдермен алыс-беріс, барыс-келіс шектелді. Карантинде үйге қамалап, үреймен күй кешкен жұрттың жағдайы жүректі тіпті ауыртты. Дегенмен, жақсы күнге үмітті халық уақытша қиындықты біртіндеп жеңіп келеді. Әріптесім-Лаура Қуанышқызы пандамия кезіндегі есте қаларлық сәттерге шолу жасады. Көрейік.

Тура бір Ванга дерсің!  Алдын ала болжам жасаған Бекшин мырзаның айтқаны айнымай келді. Жаһанды кезген коронавирус елімізге сол күні жетті.  Бас санитар ақталып әлекке түсті.

ЖАНДАРБЕК БЕКШИН, ЭКС- БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР:

Болжау ғалымдардың математикалық моделі. Шынын айтқанда, қазір ғалымдар арнайы формулалар арқылы вирус тақырыбын зерттеп жатыр. Бүгін мен сіздерге болжамдарды ғана айттым. Бірақ, болжау ең қайырсыз дүние екенін білесіздер.
 
Осыдан кейін, орнын босатып Алматыға ауысты. Бірақ, мұнымен бәрі біткен жоқ. Елде төтенше жағдай жарияланып, мәселе ұшықты. Үрей мен қорқыныш халықтың жағасынан алды. Қашықтан жұмыс, онлайн сабақ.... оған да бейімделдік.  Мектепті сағынып жылаған балалардың бейнесі  әлемжеліде тарап, жұрттың жүрегін елжіретті.

Балалардан бұрын ересектердің өзі кеселдің кесапатынан қатты сескенді. Аш қалудан қорыққандары соншалық азық-түлік дүкендерінде ұзын-сонар кезек, тамаққа таласқан жұрт тауарды көтере сатып алып, тарап жатты.  

Мұның бәрін қазір күліп еске аламыз.  Карантинде отырып, жұрт    жалықты. Вирустың бар екеніне сенбей, делебесі қозған  жұрт той-томалақты да  тыя алмай, біраз думандатты. Бірақ, соңында  полицейлерден, мониторинг топтан қашып-пысып, тығылуға көшті.  

Ұзаққа созылған оқшаулану біраз жұртты жұмыссыз қалдырды. Мемлекет беретін 42 500 теңгеге бәрі қызықты. Халықтың жыры да, әні мен сәні де осы -42 500 болды.

Әншілерге де оңай болмады.  Той-томалақ жоқ, дүркіреген дәурен де өтті. Кейбір әншілер ақыры «коронавирус кет, кет» деп әндетті.

Бірақ оған қарап жатқан вирус жоқ.  Әлде қалыпты өмірге оралу үшін тағы бір туынды керек пе екен?

Л. Қуанышқызы