Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы 17 мың оқушы алғашқы оқу жылын өзге білім шаңырақтарында бастады

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2017
  • 2941

Ал Алматыда сейсмоқауіптілігі жоғары 16 мектепте құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Сондықтан 17 мың оқушы басқа мектептерде білім ала бастады. Олардың арасында мектеп дәлізін дәрісханаға айналдырғандары да бар. Олжас Нұржақып баяндайды.

Олжас Нұржақып, тілші:

Осы жылы қайта жөндеуге жіберілген 21 орта мектептің алғашқы оқу күніне тек бесеуі ғана берілді. Қалған 16-ы желтоқсан айына дейін тапсырылмақ. Білім шаңырағындағы оқушылар өзге мектепке уақытша ауыстырылғанымен, бұл қадамға ата-аналар көңілі толмайды. Оған себеп, мектеп ғимаратының алыстығы, жеке транспорттың жоқтығы.

Гуля Атекеева, қала тұрғыны:

Оңай емес қой, апарасың, әкелесің, жұмыстан сұранып келесің. Басқа ата-аналар бар, бір балаға оны мыңнан жалдайды. Сұмдық қой, былай қарасаң. Өкімет тарапынан автобус шығару керек қой балаларға.

Людмила Петроченко, қала тұрғыны:

Мен қазір осы мектепте оқыған немеремді алып келуге шықтым. Білім қабырғасын қазан айында аяқтаймыз деп уәде берген. Бірақ, күмәнім бар. Кішкентай бүлдіршіндерімізді 65-ші мектепке орналастырды. Ал, 5-ші сыныптан жоғары оқушыларды 63-ші мектепке ауыстырды. Екі жақтағы немелерімді алып қайту қиынға соғып тұр.

Ал, мына әуесқой түсірілімде оқушылар мектеп дәлізін дәрісханаға айналдырған. Әрине, оқу ғимаратына сыймағандықтан, саналарын осылайша жаңғыртпаққа бел буыпты. Қай мектеп, қайсы сынып екендігін анықтамақ болғанымызбен, нақты жауап таппадық. Қалалық білім басқармасындағылар тек сеймоқауіптілікке арналған құрылыс жұмыстарының не үшін қажеттігімен ғана шектелді.

Еркебұлан Айтбаев, Алматы қалалық білім басқармасының бас маманы:

Атап айтқанда, тіреуіш конструкциялық құрылғыларды сейсмобекіту, инженерлік желілерді ауыстыру, әрлеу жұмыстары және сонымен қатар, мектеп аумағын абаттандыру болып табылады. Мектеп әкімшілігі тарапынан ата-аналарға басқа мектептерге орналасу бойынша қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша, бір ғимаратта екі мектеп оқушылары  екі ауысыммен білім алып жатыр.  Біріне бала сыймай жатса, енді басқасында жағдай тәуір. Мектеп басшылығы мен ұстаздары күн сайын ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп әлек. Дей тұрғанымен қауіптілікті жою үшін амал жоқ, күтуге тура келеді. 

Олжас НҰРЖАҚЫП