Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің әрбір екінші тұрғыны асқазан дертіне шалдыққан

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2021
  • 2336

Хабарымызды жалғастырамыз. Әлемде сапасыз азық-түліктен жылына  11 миллион адам көз жұмады. Ал еліміздің әрбір екінші тұрғыны асқазан дертіне шалдыққан. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр.  Елімізде азық-түлік сапасы қалай тексеріледі?  Дертке шалдыққандар кімдер? Ақбота Базарбайдың бейнематериалы.

Боялған алма, пластик күріш, несептен жасалған жұмыртқа. Ғаламтордағы бұл бейнежазбаларды  көргенде төбе шашың тік тұрады.  Осыдан кейін жеп жүрген тағамыңа  күмәнмен қарайсың. Дәрігерлер де аурудың астан екенін ескертуден жалыққан емес. Бірақ оған мән беретіндер аз.    

Қайрат РЫСБЕКОВ,  БАЛАЛАР ГАСТРОЭНТЕРОЛОГЫ, ПЕДИАТР:
   
Бүгінгі таңда бізге келетін балалар асқазан дертімен келеді. Жиі кездесетіндер гастрит және асқазан ойық жарасы. Олардың негізгі себебі фастфуд болып келеді. Оған қоса газдалған сусындар болып есептеледі. Және мезгілсіз тамақтану.


Күнделікті тұтынатын азық-түліктің дені-импорт. Шетелден әкелінген бұл  өнімдердің сапасы тексеріледі, бірақ сол тексеріс осал боп тұр. Бір жылда 10 мыңнан астам тағам түріне зертханалық сараптама жасалса , соның 10 пайыздан астамынан ғана кінәрат табылған. Өйткені, құзырлы орган тексеруге бармас бұрын кәсіпкерге хабарлайды.   Сондықтан олар сапасы төмен кейбір тауарларды  тасада қалдырып, көп жағдайда сыннан сүрінбей өтеді.

Қарлығаш ӘБДІШЕВА,  НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 
2021 жылдың төрт айында 9822 тағам өнімдері тексеруге алынды, оның 23 пайызы отандық өнімдер, ал 77 пайызы импорттық өнім. 11 пайызы  техникалық регламент талаптарына сайкес келмеді. Сәйкестіктің 77 пайызы таңбалану бойынша.

Ал жұрт жат тағамның зиянын білсе де оны сатып алуға мәжбүр. Себебі   дәруменге бай жеміс-жидек, көкөністің  көп түрі бізде өсірілмейді.  Оның үстіне азық-түлік өндірісі дамымағандықтан, сөреде отандық тауар  аз.  

БЛИЦ:


- Сүті де, еті де елдің тамағы дұрыс қой басқа елге қарағанда.  
- Отандық өнімді тұтынуға тырысамыз барынша.
- Араластырып қолданамын. Сапа әртүрлі ғой. Макарон мысалы отандық өнімдер.
- Өтірік қой барлығы шынын айтқанда. Искусственный. Бізде көбіне Қытайдыкы, қазір фрукты бәрі Қытай. Банан жесек те қорқамыз, киви жесек те қорқамыз.
   

Сапалы, қауіпсіз тамақ   - адам денсаулығы үшін маңызды.  Сондықтан  әр азамат  жейтін тағамының құрамы мен пайдалану мерзіміне мән бергені жөн.  

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:


Барлығы бірдей қайдам. Кейде құрамына үңілмейміз, сапасыз болса да түңілмейміз. Арзанына қарай асығамыз. Қазір таңдау көп, тек әрлісінен дәмдісін, арамынан адалын ажырата білсек болды. Сонда ғана ұрпағыңыз дертке душар болмайды.

А. Базарбай