Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп ұжымының басым бөлігі директордың жұмыс істеуіне қарсы

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2017
  • 4791

Оңтүстік Қазақстан облысында бір мектептің ұжымы жаңа оқу жылын айқау-шумен бастады. Сайрам ауданына қарасты № 49 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп мұғалімдерінің басым бөлігі қазіргі директордың орнында қалуына наразы. Айтуларынша, соңғы оншақты жылда білім көрсеткіші жағынан алдыңғы ондыққа кірген мектепте білім сапасы күрт төмендеп кеткен көрінеді. Тараптардың пікірін тыңдап қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Дәл алғашқы қоңырау соғылған күні ағынан жарылғандар Сайрам ауданына қарасты Әсіл арық ауылындағы Шоқан Уәлиханов мектебінің оқытушылары. Ұстаздардың басшылыққа қарсы шығуына директордың соңғы үш жылда алым-салықты тым жиілетіп жіберуі себеп көрінеді. 

Айтуларынша, үш жылдан бері қызмет атқарып жүрген директор, тексерушілер келсе болды, ақша жия бастайды.

Айгүл Рүстемова, №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары:

Орта есеппен, мысалы, 80 мың салып кететін болса, соны елу мұғалімге шағады. 1200. Ай сайын емес, бір айда СЭС келеді. Бір айда өрт сөндіруші келеді. Бір айда сондай жан-жақтан тексерулер келеді.

Педагогтар соңғы рет мемлекеттік аттестацияға 40 мың теңге жинағандарын айтады. Кейін оның 15 мыңы кері қайтарылған. Бірақ, білулерінше, мектеп сынақтан өтпей қалса керек. Мұғалімдер енді әрқайсымызға 25 мыңын қайтарып берсін деген талап қойып отыр.

Айгүл Рүстемова, №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары:

25 мың теңгеден 50 мұғалім беріп отыр, шамамен оны санайтын болсаңыз, 1 млн-нан асатын ақша, 1 млн 350 мың ба, сондай. Сол ақша қайда кетті, жауабы қайда, одан кейін біз осы аттестациядан өттік пе, өтпедік пе оның жауабы нақты айтылған жоқ. Мұғалімдер үшін жұмбақ болып тұр.

Ауыл биі тұрғындардың кейбірі баласын ауыл мектебінде оқытудан бас тартып отырғанын айтады. Кейбірі ауыстырып та үлгеріпті. Бұған мектептегі мұндай ырду-дырдудан соң  білім сапасы тым төмендеп кетуі себеп болса керек. Бірақ ауыл тұрғындарының өздері айта қоймады.

Әділбек Алтаев, Әсіл Арық ауылының биі:

Бұлар айтады: «Бұл директор бұл жерде директор болатын болса, бұл мектепте сабақ болмайды,- дейді. «Мен баламды мектепке бермеймін»,- дейді.-Бұл халықтың пікірі ма қазір?- Міне, халықтың пікірі. Маған ана жерге, мына жерге барсам, бәрі осы, мен оны алдында әкімшілікке де ескерттім. Біздің ауылдың директорын ауыстырсын, тоқетері. 

Мектепте оқушы саны азайып кеткенін директордың инновация жөніндегі орынбасары да теріске шығармады. Дегенмен, бала санын оқу жылы енді басталуына байланысты айта алмады. Ал мектеп басшысы мұның бәрі жала деп отыр. Қатира Жұмабектің айтуынша,  басшылыққа келгелі мектептің саналы тәрбие мен сапалы білім берілуіне күш-жігерін аянып қалмаған. Ақша жияды дегендері де дәлелсіз. Ал наразылық білдіріп отырғандар өзіне өкпелі кісілердің ісі деп біледі.

Қатира Жұмабек, №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің директоры:

Мен енді жұмыс барысында көрсетілген нәрселер, наразылшыл кісілер өткен оқу жылында жаңа жыл 8,9,11-сынып оқушылары жаңа жылдық кешті қарсы алып отыр, барлық «балмаскарад» болып жатқан. Бірақ көрші кабинетте мұғалімдер есікті іліп алып, ішінде ішімдік ішіп отырғанын мен өз көзіммен міне, қойылды. Соған наразы.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Облыстық білім басқармасынан бұл дауға байланысты қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. Анықтағанымыздай, әзірге басқармаға ата-аналар мен оқытушылардан ешқандай арыз-шағым түспеген. Тек Сайрам аудандық білім бөліміндегілер бұл жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ