Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда алаяқтың құрбаны болған әйел Президенттен көмек сұрайды

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2021
  • 2598

Павлодарда алаяқтың құрбаны болған әйел үйсіз қалуы мүмкін. Себебі, сатып алған пәтерінің құжаты жалған боп шықты. Бірақ оны 2 жыл өткеннен кейін ғана білген. Оның үстіне  пәтер иесінің мұрагері үйді босатуды талап етіп отыр. Екі оттың ортасында қалған тұрғын арнамыздан араша сұрады. Өзгеріс Қуанар тарқатады.

Зубира ЖұматАева 1 бөлмелі пәтерді осыдан 16 жыл бұрын сатып алған. Мұнда әпкесі және жиені үшеуі тұрады. Бірақ, үйді алаяқтан алғанын тек 2 жыл өткен соң ғана білген. Іс сотқа жеткен, сот үкімімен алаяққа 9 жарым жыл жаза кесілген.   

Зубира ЖҰМАТАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алаяқтың сотында мен куәгер ретінде шақырылдым. Сотта мұраға қалған пәтердің барлық туыстары шақырылды. Әкесі, шешесі, ағасы және бұрынғы әйелі де қатысты. Олар сотта мұраға қалған пәтердің бар екенін білгенін, бірақ, оны өз меншіктеріне алмағанын айтты. Енді 16 жыл  бойы іздемеген пәтерді бүгін іздеп отырғанына таң қалып отырмын. Менің басқа барар үйім жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймын.

Үйдің мұрагері  әйелді сотқа берген. Сот үйдің құжаты жалған болғандықтан, пәтерді босату туралы шешім шығарыпты.

Ал үйдің алаяқтың қолына түсуіне пәтердің иесіз қалуы себеп болған. Бос қалған үйді   иемденіп алып, оған жалған құжат жасатып, сатып жіберген.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Алғашқы жасалған құжат қылмыстың ұлғаюына әкеліп соққан. Ал пәтерді сатып алған 2 адам да «адал алушы» болып саналады. Бірақ, Азаматтық кодекстің 261 бабы бойынша үй иесі мүлкін талап етуге құқылы. Өйткені, құжат сот шешімімен жарамсыз - деп танылды.

Бірақ Зубира Жұматаеваның қорғаушысы сот шешімімен келіспейміз дейді.

Сергей ПРИСТАЙЧУК, АДВОКАТ:

Егер мүлік заң бойынша мұрагерлікке қабылданбаса, олар сотта  үй иесі ретінде талапкер бола алмайды. Өйткені, мүлікті қабылдаған жоқ. Ал сот мұрагерлік уақыты өтіп кеткендіктен, екінші тараптың арызын қанағаттандырмауы керек еді.

Ал пәтердің мұрагері Максим Гофман әкесінен қалған үйінің бар екенін былтыр ғана білгенін айтады. Сол себепті осы уақытқа мүлікті талап етпедім дейді.

Максим ГОФМАН, ПӘТЕР МҰРАГЕРІ:

Бұл пәтер менің әкемнен қалған. Оны мен былтыр ғана білдім. Оған дейін білген жоқпын. Өйткені, менің әкем мен шешем ажырасып кеткендіктен, туыстарыммен араласпадым. Былтыр ғана туысымнан әкемнің пәтері бар екенін білдім. Сондықтан, заң бойынша үйді талап етуге құқым бар. Өзім 3 баламен пәтер жалдап жүрмін.


Зубира Жұматаева мәселесін айтып, барлық құзырлы органдарға жүгінгенін айтты. Бірақ, әзірге ешқайсысынан көмек болмады – деп налып отыр. Амалы таусылған келіншектің ендігі бар үміті Ел Президентінде.   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып көмек сұраған.

Ө. Қуанар