Түркістан облысында тауға кеткен 7 жігіт іздестіріліп жатыр.Үш тәуліктен бері жүргізілген жұмыстар әзірге нәтижесіз. Жас туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу жетуді көздеген. Жоспар бойынша 24 мамырда қалаға қайтып келуі тиіс еді. Бірақ олар келмеді. Жоғалғандар кімдер, оларды іздестіру неге ұзап кетті? Әріптесім Айзада Төребекқызы қолда бар ақпараттармен бөліседі.
Жоғалған студенттер үшінші тәулік іздестіріліп жатыр. Әзірге бір дерек жоқ. Жеті адам Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы бірнеше шыңды бағындырып қайту үшін 21-мамыр күні жолға шығып кеткен. «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алғандар үш күннен соң кері қайтулары тиіс еді. Бірақ оралмаған. Олардың жоғалғаны туралы құтқару қызметіне хабар 25-мамыр күні кешкі 18:30-да берілген. Іздеуге елуден аса адам жұмылдырылған.
Ерік САРЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кешегі күні жағдай бойынша 37 километрден астам жерлерді жаяу жүру арқылы құз асуларда іздестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар квадракоптерді көтеру арқылы радиусі 4 шақырымнан асатын аумақтар зерттелді. Алдыңғы күндері табиғаттың қолайсыз болуына байланысты яғни таулы аудандарда қар, жаңбыр жаууына байланысты тікұшақ арқылы зерттеу жұмыстары мүмкін болмады.
Таулы аумаққа бүгін тікұшақпен барлау жасалуда. Төтеншеліктер, ұлттық парктің атты қызметшілері, шекара қызметіндегілер, полицейлерден бөлек жоғалғандардың туыстары да іздеу жұмыстарына қосылды.
Белгілі болғанындай, жеті адамның алтауы - студент. Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Қарабалаевтың дерегінше, жоғалған жастардың екеуі Ақтөбе, біреуі Атырау облысынан, ал қалған екеуі Орал мен Жезқазған қаласының тумалары.
Қанат ҚАРАБАЛАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
4-курс студенті. Астана қаласы Назарбаев университетінің студенті. Біреуі биыл бітірген Кентау қаласы лицейінің түлегі. 7 азамат, енді ішінде біреуі бала, олар 21-мамыр күні тауға демалуға шыққан. олардың..жоспары бойынша 24-іне қайту жоспарланған болатын. Бұл жерде олар «Сары-айғыр», «Юбилейный» шыңдарына жаяу шығу бойынша бет алған болатын.
Сайрам-Өгем ұлттық паркінің өкілі Бахыт Айнабековтен телефон арқылы білгеніміз жастар шыңды бағындыруды ертерек жоспарлаған. Мамырдың ортасында бірі келіп, Сусіңген көліне өтуге рұқсат сұраған. Алайда ұлттық парктегілер ол аумақта жақында жауын-шашын болғандықтан қар көшкінінің қаупі бар деп ескертіп, рұқсат бермеген.
Бақыт АЙНАБЕКОВ, САЙРАМ-ӨГЕМ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің жігіттер оларға жолсілтеуші ұсынған. Олар гид қажет емес деп бас тартқан. "Ол жаққа өзіміз барамыз" депті. Соған қарағанда бұрын барған секілді. Олар «Сайрамсу» арқылы өткен болып тұр. Әрі қарай «Сары айғыр, Юбилейный» шыңдары арқылы өтіп, Сусіңгенге баруды көздесе керек.
Жеті жас Сусіңгенге жетті ме, жоқ па әзірге белгісіз. Бірақ жылы киім, жауын өтпейтін палаткалар алып кетті деген мәлімет бар.
А. Төребекқызы