Әлеуметтік желіде Алматыдағы емханалардың бірінде вакцина салдырып, жағдайы күрт нашарлаған әйелдің видеосы тарады. Бейнекөріністе келіншектің епкеден кейін аяқ-қолының тырысып, жүрек соғысының үдегені айтылған. Әрі вакцина салдыруға жұмыстағы басшыларының мәжбүрлегенін мәлімдеген. Оқиға қаншалықты шындыққа жанасады? Әсем Лесбек анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл бейнекөріністі науқастың құрбысы түсірген. Ол әйелдің «Спутник V» екпесінен кейінгі жағдайын айтып жұрттан көмек сұрайды. Мән-жәйді анықтау үшін видео авторына хабарластық. Бірақ жауап бермеді. Ал қалалық қоғамдық денсаулық басқармасындағылар мәселеден хабардармыз деді.
Нариман ТАБЫНБАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Видеодағы әйел перинатология және балалар кардиохирургия орталығында акушер болып қызмет етеді. Келіншекте вакцинадан кейін құрысу симптоматикасы болғаны расталды. Тиісті көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген. Оқиғаның екпеге қаншалықты қатысы бары тексеріліп жатыр,
Ал әйел жұмыс істеген мекеме басшылары вакцинаға ешкімді мәжбүрлемедік деп отыр. Қызметкерлердің 66 пайызы екпені өз қалауымен салдырды дейді.
Светлана ЛИСАГОР, АЛМАТЫ қ. ПЕРИНАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР КАРДИОХИРУРГИЯСЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Келіншек біздің орталықта былтырғы жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Акушерлік қызметте. Екпені өз қалауымен салдырды. Біз ешкімді қорқытып, қысым көрсетіп, мәжбүрлемедік.
Орталық басшылары келіншектің жала жапқанын айтып, сотқа арызданбақшы. Акушер әйел қазір жұмыс орнында да жоқ екен. Ал оған вакцина салған емхана дәрігерлері жағдайға аң-таң болғандарын жеткізді.
Виктор КИМ, № 17 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРДІҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Видеодағы А.есімді азаматша біздің емханадан Спутник В екпесінің бірінші дозасын салдыртты. Вакцинаға өз қалауымен келгенін айтып, анкета да толтырды. Денсаулығы тексеріліп, екпеден кейін 30 минут дәрігердің бақылауында отырды. Ешқандай кері әсері болмаған соң оны қайтардық.
Емхана өкілдері, одан кейін келіншектің атынан ешқандай шағым -арыз түспеді деп отыр. Екпеден денесінің қалтырап, құрысуы шындыққа жанаспайды дейді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Дегенмен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы бұл мәселеге арнайы комиссия құрып, жағдайды анықтауға кіріскен. Келіншектің не себепті мұндай күйге түскенін толықтай бақылауға алмақ.
Ә. Лесбек