Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылының тұрғындары белгісіз дертке шалдығуда

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2021
  • 3105

Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылының жұрты белгісіз дертке шалдығуда. Науқастарға ортақ белгі  – іш өту, дене қызуының көтерілуі .  Халық мұны сапасыз ауыз судан көреді. Ал жергілікті биліктің өз болжамы бар. Мәселенің мән-жайын  Бескөлге барып, тұрғындармен тілдескен тілшіміз Абзал Құрманкин жеткізеді.
 
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғындарынан маза қашқан. Соңғы екі аптадан бері жұрт бірінен соң бірі белгісіз дертке шалдығып жатыр. Біреулерде  іш бүріп, диарея белгілері байқалса,  енді бірінің жүрегі айнып,  ішкен-жеген тамағын қабылдамайтын көрінеді.  Жұрттың айтуынша, ауылда жүзден астам адам белгісіз дертті жұқтырған.

Галина ПУЛНИКОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Өткен бейсенбі күні түнде ауырып қалдым. Дене қызуым 38,6 градусқа дейін көтерілді. Ішім қатты бүріп,  ішімде бомба жарылғандай болды. Белгілері коронавирусқа ұқсамайды. Дәрігерлер де осылай дейді.

Наталья СВЕТЛЕЦКАЯ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Ең алдымен қызым ауырды, онан кейін мен. Біз суды тек сүзгіден өткізіп барып ішеміз. Көлге барып шомылған жоқпыз. Түгел ауыл тұрғындары емес, Бескөлдің ескі аумағы ғана ауырып жатыр. Неден екені белгісіз.

Бескөл ауылындағы 15 мың тұрғынды 2004 жылдан ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған компания басшылығы дерттің судан келмегеніне  сенімді.   

Қайырбек НҰРАЛИН, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


Башнядан бір жерден алады. Егер мынандай бірдеңе болса, 15 мыңның жартысы ауырып қалар еді. Ол суды мен өзім де ішіп отырмын. Уланып жатқан себебі, осы күндері күн ыстық болды. Сонда көлге түсті, ыстықта жүрді.


Жұрттың тарапынан түскен шағымдардың саны күрт артқан соң,  ауылға эпидемиологтар шақыртылды.  Сала мамандары ауыз судың және жақын маңайдағы су тоғайлардан сынама алып, сараптамалық зертханаға жіберген.

Мәулен ҚАСЫМҒОЖИН, БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Дәрігерлердің көмегіне 100-ден астам адам жүгінді. Біз тек ауыз суды ғана күдікке алып отырған жоқпыз. Себебі, екі аптадай күн ыстық болды. Жұрттың бәрі өзен-көлге ағылды. Бәлкім вирус содан шыққан болар. Облыстық эпидемиологиялық орталық мамырдың 29 күні судың сараптамасын алды. Нәтижесін  10 күннің ішінде хабарлайды.

Бұл мәселеге  прокуратура да араласып жатыр. Құзырлы орган жұмысшы тобын құрып, тіпті қылмыстық іс қозғаған.

Жарқын БЕЛГІБЕКОВ, СҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Санитарлық талаптарды және гигиеналық нормаларды бұзу фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 304 бабы 1 бөлігінің қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнде тиісті кешенді сараптамалар жүргізілуде. Бескөл кентінің тұрғындарына толықтай медициналық көмек көрсетілуде.

Зертхана  қорытындысы осы аптада жариялануы тиіс. Ал оған дейін сумен қамту кәсіпорны шұғыл түрде құбырларды хлормен тазарту жұмыстарын жүргізбек.

А. Құрманкин