Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада «Біз - ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумы өтті

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2021
  • 2612

Жастар туған жерін, отанын мақтан тұтып, еліміздің одан әрі гүлденуіне атсалысуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз - ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумына қатысушыларға үндеу жолдады.  Елімізде әр саладағы талантты, қабілетті мамандар үшін барлық әлеуметтік-саяси лифт қалыптастырдық,-деді Елбасы.  Сонымен қатар, жастардың білім алуына  мүмкіндік мол.  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумда алдағы жоспарлар мен елді дамыту тетіктері талқыланды.

Форумға еліміздің түкпір-түкпіріндегі білімді, талантты, қабілетті 300 жас қатысты. Бұл жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі.  Сондықтан оларға үлкен үміт артылған. Елбасы тәуелсіз Қазақстанда азат ойлы, санасы сергек жаңа буын қалыптасқанына марқаяды.  

Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Елбасы жастардың назарын қазір жаһанды жайлаған індет адамзатқа жаңа мүмкіндіктер жүктеп отырғандығына аударады. «Өздеріңіз білетіндей, әр ұлттың бәсекеге қабілетті болуы алдымен білім сапасымен өлшенеді. Сіздер заман талабына тез бейімделіп, қиындыққа қасқая қарсы тұруға тиіссіздер.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру бағдарламасына айналдыру қажет. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев форумда осындай бастама көтерді. Ақыл-парасат әлеуеті алдыңғы қатарға шыққан жаңа дәуірде бұл өте  маңызды мәселе, - деді ол. Мемлекеттік хатшы барды бағалап, жоқты саралап, тәуекелден тайынбай Тәуелсіздік тасын өрге сүйреу керектігін атап өтті.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Бұл жаңғырулар ең әуелі еліміздің ертеңгі келешегі жастар үшін аса қажет. Сіздер жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап бере отырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, оларды басты мұраттарыңызға сай орнықтыруларыңыз қажет.


Ал партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әр азамат жаһандық өзгерістерге бейім болуы керек дейді.  Бұл орайда жастарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі зор. Бауыржан Байбектің пікірінше, ұжымдық рух пен ұлттық құндылықтарды берік сақтау ерекше  маңызды. Жетістікке жеткісі келетін әр жас азамат осы қағидаларды ұстануы керек деп қадап айтты.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жастар – ертеңгі жарқын болашағымыз ғана емес, әлемдік деңгейде бүгінгі бәсекеге қабілеттілігіміздің де негізі. Сіздердің білім алып, жан-жақты дамуларыңыз, азамат болып қалыптасуларыңыз үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың да, «Nur Otan» партиясының да негізгі басымдығы. Нақты мысалдарға тоқталсам, келесіні айтуға болады. Қиын-қыстау заманға, шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, ел жастары әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуы үшін Елбасы 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын құрды.


Патриот болу – жақыныңа, еліңе  қамқор болудан басталады. Бауыржан Байбек жеріне жаны ашитын, ерекше махаббатпен қарап, келешегіне алаңдайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды іс,– деді.

Ғ.Өтемісов