Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық вакцинаға күмәнмен қарайтындар көп

  • AstanaTV
  • 07 маусым 2021
  • 1686

Отандық вакцина төңірегінде тағы да дау туды. Medsupportkz дәрігерлер мен ғалымдар қауымдастығы, QazVac-қа күмәнмен қарайтындарын жеткізді. Оның құрамында вирустың өзгеруіне әкеп соғатын формальдегид бар,-дейді. Ал екпе құрастырушылары ғалымдардың пікірін жоққа шығарып отыр. Мұны естіген халық кімге сенерін білмей дал. Даулы сұрақтың шешімі қандай болмақ? Айтпақшы, енді Ashyq-та «қызыл» мәртебесі бар азаматтар қоғамдық орында жүргені үшін айыппұл төлейтін болды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалмен әріптесім Ғалымжан Өтеміс бөліседі.

Қазақстан жасыл аймаққа көшті. Елдегі эпиджағдайды бағалау матрицасына сәйкес, "қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы тұр. Ал қалған өңірлерде вирус жұқтыру көрсеткіші едәуір азайған. Жағдай енді реттеле бастағаны сол еді, отандық ғалымдар арасында дау туындады. Бірі QazVac-тың қауіпсіздігіне күмәнмен қараса, енді бірі зерттеу сынамалары оң нәтиже бергенін айтады. Келіспеушілік вакцина құрамында формальдегидтің болуынан туындаған. Medsupportkz ғалымдары коронавирустың өзара әрекеттесуі туралы ғылыми әдебиеттерді іздедік, бірақ мәлімет жеткіліксіз деп отыр.  Ал екпені әзірлеушілер олардың пікірін жоққа шығарды. Ерекше инфекциялар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов халықты еш алаңдамауға шақырды.

Лесбек ҚҰТЫМБЕТОВ, БҒМ БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПРОБЛЕМАЛАРЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біз 60 жылдан бері вакцина әзірлеумен айналысып келеміз. Сапасыз препаратты жаппай қолдануға жібере сала алмаймыз. Бұл вакцина зертханалық жануарларға егжей-тегжейлі клиникаға дейінгі зерттеулерден өтті. Өзіміз осы вакцинаны салдық. Вакцинаның зияны жоғы анықталды. Оның иммуногендік белсенділігі бар. Яғни, коронавирус инфекциясынан қорғайды.

Енді Ashyq қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебесі анықталған азаматтар, қоғамдық орында жүргені үшін айыппұл төлеуге міндеттелмек. Бақандай 87 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр. Бұл -  өзін-өзі оқшаулау режимін қасақана бұзатындарға бағытталған. Жаңа ереже 10 маусымнан бастап күшіне енбек.  

ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ:


Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар Ashyq ақпараттық платформасы арқылы анықталады. Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық нысандарға барған кезде «қызыл» мәртебесі бар болып шыққан адамдар оқшаулану ережесін бұзған болып саналады. Оларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.


Вирустың ел ішіндегі пірі атанған Жандарбек Бекшин, Алматы «сары» аймақта болғанымен эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі деп бағалайды. Көп жағдайда індетті отбасылық басқосуларда, қоғамдық көлікте, сауда орындарында жұқтырады деді. Дегенмен соңғы уақытта кеселді жұқтыру дерегі тұрақтала бастағанын айтты. Бұған халықтың жаппай вакцина салдыруы себеп болды,-дейді.

Жандарбек БЕКШИН АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жалпы қоғамдық иммунитеттің қалыптасуы 21%-дан асты. Осының әсерінен қалада виурстың таралуы төмендеді. Екіншіден, жіті жүргізілген шектеу шараларының пайдасы тиді.


Жандарбек Бекшиннің паймынша КВИ жұқтырғандардың басым бөлігі жұмыс істемейтін азаматтар екен. Олардың көрсеткіші 32%-ды құрайды. Ал түрлі мекемелерде жұмыс істейтін азаматтардың вирус жұқтыру дерегі 22 пайызға тең. Еске сала кетейік, елде қауіпті індетті жұқтырғандар 400 мыңға жуықтады. Олардың 370 мыңнан астамы емделіп шыққан.  

Ғ.Өтемісов