Русский Сайттың толық нұсқасы

Сынақтан кейін асылып қалған оқушының өліміне, ата-анасы мектеп директорын кінәлап отыр

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2021
  • 5446

Түркістан облысында 15 жастағы оқушы қыз, мектептегі сынақтан соң өзіне қол салды. Қайғылы жағдай Ордабасы ауданындағы Көкарал елді-мекенінде болған. Қара жамылған отбасы бұған мектеп директорын кінәлайды. 9-шы сыныпты үздік аяқтап жатқан оқушының жұмбақ өлімі жайлы аймақтағы әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Маусымның 2-сі күні болған сұмдық, қаралы ананың әлі көз алдында. 9-сыныпты аяқтап, мемлекеттік емтихан тапсырып шыққан қызын өзіне қол салады деп әсті ойламапты. Сол күні таңертең сынаққа кірген. Одан көңілсіз шыққанын да біледі. Тек іште болған жағдайды кейін естіпті.  

Айман ҚАНАЙҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қыздар айтты: -апай деді, Эльвираға қадалып қалды, парағын алып қойды. «Сен 3 ке оқитын оқушысың ғой, сенің балыңды 10 балға кемітем» деп айтты деді. –Кім айтты деді? –Директор айтыпты. +Жаздырмапты. Черновигін ап қойған. Сөйтіп қызымның өжеттеу мінезі бар ғой, қырсығып қалған шығар, жазбаған шығар, сол бойы шығып кеткен болса керек.

Айман Қанайқызы марқұм Эльвираның анасы ғана емес, сынып жетекшісі де болған. Ол қызына қысым жасалғаны айдан анық деп отыр. Әкесінің пайымы осы. Қызының өмірді дәл осылай қиып кете салатын адам емес еді деп егіліп отыр.

Ақылбек ТӘЛІПБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Мектеп басшысы директорды ақ қарасын шешіп тиісті жазасын алуды сұранамын. Әділдікті қалаймыз. Осы директордың орнынан кетуін талап етеміз. Тиісті жазасын алып менің тілерім сол.

Сол күні сынаққа бірге кірген сыныптастары да, Алгебра пәнінен сынақ алған мұғалімі де бүгін жақ ашпады. Тек мектеп психологы оқушысының не себепті мұндай қадамға барғанын түсіне алмай дал.

Айсара ҚҰЛМАҒАНБЕТ, МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫ:

Ол ондайға баратын қыз емес. Мінезі ашық. Оқушылармен сыныпта жалпы қарым қатынасы жақсы. Беделді. Не себеп болды деп ойлайсыз? - Емтиханнан кейін болып тұр ғой енді.

Мектеп директоры болса, марқұм оқушысының үздік аттестатқа үміткер екенінен де бейхабар кейіп танытты.  Тіпті жақын танымайтынын да жеткізді.

Айсара СТАЕВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен өзім төраға ретінде маған орын берді мен сол орында отырдым. Ешқандай баланың төбесінде қарап, барып қасына ештеңе істеген жоқпын. –қысым? -қысым жасаған жоқпын.

Қазір мектепте тергеушілерден бөлек арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мән –жайды солар анықтамақ.

Әлібек КЕНЖЕБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ, КОМИССИЯ ӨКІЛІ:

Шығарылған есептерінің бәрін біз қарап жатырмыз қазір. Зерделеу жүріп жатыр. Қортындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз әрине. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да қазір жұмыс жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, болған жәйт бойынша полиция «Өзін –өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Марқұмның анасы қызы телефонына хат жазып қалдырғанын айтты.

Айман ҚАНАЙҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Телефонында «Мама! Кешіріңізші! Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Сіздің атыңызға жақсы ат келтіре алмадым» деген сообщениесі тұр екен. Оны жібермеген.

Айтып өтейін, қыршынынан қиылған өрімдей Эльвира, бұл отбасындағы төрт перзенттің екіншісі екен.

А. Төребекқызы