Русский Сайттың толық нұсқасы

Семейде ядролық медицина орталығы ашылды

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2021
  • 2350

Семейде ядролық медицина орталығы ашылды. Жылына 6 мыңнан астам науқасты қабылдауға мүмкіндігі бар медициналық мекемеде онкологиялық және кардиологиялық аурулар диагностикасы жасалады. Орталық толықтай замануи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер науқастардың дерттен айығуына 95 пайыз кепілдік бар дейді.  Толығырақ келесі бейнематериалда.

Шығыс Қазақстандықтар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар жиі кездеседі. Медицинадағы осы бағытты дамытуға 90-жылдардан бері ерекше көңіл бөлініп келеді. Соған орай Семейде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бірегей медициналық мекеме ашылды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ,  "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Семейде радиологиялық медицина кластерінің қалыптасуы аса маңызды деп есептеймін. Ол онкологиялық әрі радиацияның кесірінен болатын аурулардың диагностикасын жасайтын және емдейтін Қазақстанның барлық медициналық орталықтарының күшін біріктіруге қауқары жетеді.


Бұл орталықта науқастарды тексеру осы жылдың сәуір айынан басталған. 130-дан астам адам қаңқа, бүйрек, бауыр, қалқанша безінің радионуклидтік диагностикасынан өтіп үлгерген.  Дәрігерлердің айтуынша, науқастарға радиофармацевтикалық препарат салынады. Ол адамның  дерт діңкелеткен әлсіз жерлеріне толық тарайды. Осылайша, томографияның 3D болжамы арқылы ауру жасушаларымен, дерт ошақтарын айна-қатесіз анықтайды. Ал, бұрын бұл мүмкін емес еді дейді дәрігерлер.

Берік КӘРІБАЕВ, ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ РАДИОНУКЛИДТІК ДИАГНОСТИКА БӨЛІМІНІҢ ДӘРІГЕРІ:


Үміт бар екеніне өз көзіміз жетті. Біздің онкологиямен ауыратын науқастарды алып қарасақ, бұрын біз компьютерлік томография мен магниттік-резононстық томография жасайтынбыз. Қаңқа сцинтигафиясын жасау әлдеқайда көп метастаздарды табуға қолайлы. Өйткені, бұл аппарат басқаларына қарағанда әлдеқайда сезімтал. Оны өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын.

Осы айда радионуклидтік терапия бөлімі алғашқы науқастарын қабылдауды бастайды. Бұнда барлығы радияциялық қауіпсіздік шарттарына сай жасалған. Палаталарға қорғасын есіктер қойылып, бір-бірінен алшақ орналасқан. Дерті дендегендерді мұнда радиоактивті йод препаратымен емдейді. Бұл онкологиялық ауруларды емдеудің бірден-бір әдісі.

Медет ИДИНОВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Науқас радиоктивті препаратты қабылдаған соң, өзі де белгілі бір уақыт аралығында радиоактивті болады. Сондықтан, ол оқшаулануы тиіс. Ереже бойынша, бұл 5-7 күнге дейін созылады. Ал, оның тиімділігі 94-97 %. Өте тиімді процедура. Өкінішке орай, бізде Қазақстанда бұндай процедуралар еш жерде жоқ. Бұл жоғары сұранысқа ие болған алғашқы бөлім.

Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңнан астам аурудың жаңа жағдайлары анықталады. Қазір онкологияға қарсы ем қабылдап жатқандардың қатары 190 мыңға жеткен.

Орталықтағылардың ойынша, емдеудің жаңа тәсілдері мен препараттардың пайда болуы мыңдаған науқасқа үміт сыйлады. Ал, жаздың соңында ядролық медицина орталығында радиоизотоптарды өндіретін циклонтрондық кешен іске қосылмақ. Дәл осы жердегі зертханада науқастарды емдеуге арналған радиофарм-препараттары әзірленеді.

Марат САНДЫБАЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ОНКОДИСПАНСЕРІНІҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


ҚР- дағы жалғыз радионуклидті терапиядан 7 күнде шамамен 600 науқас өтеді. Ал, құрылғыларға келер болсақ, 6000 науқасты қабылдауға қауқарлы.

Зерттеудің нақтылығы радиоактивті изотоптардың көмегі арқылы қатерлі ісікті бастапқы сатыда анықтауға көмектеседі. Радиофармпрепараттар еш қатесіз, микроскопиялық өсінділерді де тауып, оларға әсер етіп, жасушалардың қалпына келуі үшін ақуыз бөледі.Тіпті, ядролық медицинаның бұл әдісі науқасқа ең қиын жағдайда да өмір сүруге мүмкіндік береді дейді дәрігерлер.

А. Базарбай